Қазақстанда жаңа банк пайда болды

Qaz365.kz редакциясы

Бұл — 2010 жылдан бері алғаш рет берілген жаңа банктік лицензия.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «БиЭнКей» коммерциялық банкі» акционерлік қоғамына банк операцияларын жүзеге асыруға ресми лицензия берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл шешім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы Жолдауында айтылған шетелдік қаржы институттарын тарту және банк секторындағы бәсекелестікті күшейту жөніндегі тапсырмасын орындаудың нақты қадамы болып табылады.

Айта кетейік, бұл — 2010 жылдан бері алғаш рет берілген жаңа банктік лицензия. Мұндай шешім Қазақстанның қаржы жүйесінің ашықтығы мен инвестициялық тартымдылығын, сондай-ақ технологиялық тұрғыда дамыған және басқару сапасы жоғары ойыншыларды қабылдауға дайын екенін көрсетеді.

Салтанатты рәсім барысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияны BNK Capital төрағасы Ким Сонг Джу мырзаға табыс етті. Агенттік басшысы жаңа ойыншының келуі банк секторында бәсекелестікті арттырып, нарықта жаңа өнімдердің пайда болуына және шағын мен орта бизнесті қаржыландыру көлемінің өсуіне оң әсер ететінін атап өтті.

«БиЭнКей» коммерциялық банкі әмбебап цифрлық қызметтерді дамытуға, ШОБ-ты несиелеуге және автонесиелеу бағытына басымдық бермек.

Жаңа банк бұрын микроқаржы ұйымы мәртебесіне ие болған «BNK Finance Kazakhstan» ЖШС-нің негізінде құрылды. 2024 жылдың маусым айында агенттік микроқаржы ұйымдарын екінші деңгейлі банкке қайта құру мүмкіндігін заң аясында мақұлдаған соң, компания тиісті қайта тіркеуден өтті. Ал 30 мамырда агенттік қайта ұйымдастыру жұмыстары бойынша есепті бекітті.

Лицензия банкке заңды тұлғаларға депозиттік, есепшоттық, кассалық және аударым операцияларын, несие беру мен шетел валютасымен жұмыс істеу сияқты банк операцияларын жүзеге асыруға құқық береді. Ал жеке тұлғалармен жұмыс лицензия шарттарына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылғаннан кейін басталады.

Қайта ұйымдастыру сәтіндегі активтер көлемі 25,8 млрд теңгені, ал несие портфелі 21,8 млрд теңгені құрады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұйым микроқаржы ұйымдары арасында активтер көлемі жөнінен 15-ші орынға тұрақтады.

«БиЭнКей» коммерциялық банкі — Оңтүстік Кореяның ірі қаржы холдингі BNK Financial Group Inc.-тің құрамына кіреді. Холдингтің жалпы активтері 103 млрд АҚШ долларынан асады. Оның құрамында Busan Bank, Kyongnam Bank секілді банктер мен инвестициялық компаниялар бар. Бұл банктердің халықаралық рейтингтері – «A2» деңгейінде, ал филиалдар саны 300-ден асады.

Қазақстандағы даму жоспары үш кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде банк нарыққа тиімді шығуды, цифрлық банкингтің базалық жүйесін енгізуді және тәуекелдерді басқару тетіктерін қалыптастыруды көздейді. Екінші кезеңде қызмет аясын кеңейтіп, өнім желісін әртараптандыру, автолизинг саласына шығу және цифрлық ұсыныстарды арттыру жоспарланған. Үшінші кезеңде банк цифрлық трансформацияны тереңдетіп, шағын және орта бизнеске бейімделген бренд қалыптастырып, ТМД нарығына шығуға дайындық жүргізуді көздейді.