2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңгені құраған
Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған үш жылдық бюджет жобасын әзірлеуде. Оның басты мақсаты – бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен қысқарту. Қаржы министрлігі 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын екі есеге қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Жоспар бойынша:
— 2026 жылы бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,5%-ын құрайды;
— 2027 жылы бұл көрсеткіш 1,8%-ға дейін төмендейді;
— 2028 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 1,4%-ға дейін азаяды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша бюджет тапшылығы 3,7 трлн теңгені құраған.
2025 жылы ол 4,4 трлн теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Ал 2028 жылы тапшылық 2,5 трлн теңгеге дейін қысқарады. Қазіргі таңда мемлекеттік қарыз 31,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 21,2%-ын құрап отыр. Биыл Үкімет Ұлттық қордан нысаналы трансферттер алмайды — тек 2,7 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт көзделген”, – деді Қаржы министрі Мәди Тақиев.
Қаржы министрінің айтуынша, тапшылықты азайту салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, жеңілдіктерді қайта қарау және жаңа Салық кодексі аясында жаңа мөлшерлемелер енгізу арқылы жүзеге асырылмақ.