«Ұлттық қор – балаларға»: тұрғын үй мен білімге қанша қаражат жұмсалды

Qaz365.kz редакциясы

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мемлекеттік «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясындағы нысаналы жинақтардың пайдаланылуы жөнінде деректерді жариялады

Ашық дереккөзден

2024 жылы 1 ақпаннан 2025 жылғы 1 шілдеге дейінгі аралықта барлығы 117 495 өтініш бойынша 14,86 миллион АҚШ доллары аударылған, деп хабарлайды  Qaz365.kz.

«Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 71 488 өтініш орындалып, 9,20 миллион доллар, ал білім үшін төлем жасауға қатысты 46 007 өтініш бойынша 5,66 миллион доллар аударылды», – делінген хабарламада.

Қордың мәліметінше, нысаналы жинақтардың алушысы барлық соманы немесе оның бір бөлігін ғана пайдалана алады, ал пайдаланылмаған қалдық нысаналы жинақ шотында (НЖШ) сақталады.

Тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатындағы ең көп қолданылған бағыттар:

  • Тұрғын үй құрылыс жинақ салымын толықтыру –
    69 756 өтініш, 9,00 миллион доллар;
  • Тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық қарыз бойынша алғашқы жарнаны енгізу –
    551 өтініш, 66,52 мың доллар;
  • Азаматтық-құқықтық мәміле негізінде тұрғын үйді меншігіне сатып алу (қорытынды есеп айырысу) –
    436 өтініш, 49,84 мың доллар.

Білім беру бағытындағы төлемдер мына мақсаттарға бағытталды:

  • Қазақстандағы білім беру ұйымдарының қызметтеріне толық немесе бөліп төлеу –
    40 517 өтініш, 5,04 миллион доллар;
  • Білім беру жинақ салымын толықтыру –
    4 040 өтініш, 454,21 мың доллар;
  • Шетелдік білім беру ұйымдарының қызметтеріне төлем (бөліп не толық) –
    1 166 өтініш, 131,38 мың доллар.

Сонымен қатар, хабарламада кәмелет жасына толған азаматтар жеке кабинеттері арқылы (БЖЗҚ сайты не электронды үкімет порталында) өздерінің нысаналы жинақтарын бақылауы, содан кейін уәкілетті операторға АҚШ долларымен банктік шот ашу және тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) білім үшін төлем жасауға өтініш беру керектігі айтылған.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы жыл сайын 2006 жылдан бастап туған Қазақстан азаматтарының атына бөлінеді.