Түркістан: Түлкібас ауданында сүтті терең өңдеу саласы дамып келеді

Qaz365.kz редакциясы

Түркістан облысында тәулігіне 3 тонна сүт өңдейтін кооператив іске қосылады

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тәулігіне 1 тонна сүтті өндейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен Түлкібас ауданына қарасты Майтөбе ауылында ашылған «Майтөбе сүт» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүтті өндеп, түрлі өнім шығарып келеді. Бүгінде халықтың көңілінен шыққан, сапалы әрі дәмді өнімдер сұранысқа ие. Цех енді өнім көлемін 3 есеге арттырып, тәулігіне 3 тонна сүт өңдемек. Осы ретте, 
нысанға Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев және жауапты мамандар арнайы барып, кәсіпкердің жаңа жобасымен танысты. Бүгінде «Майтөбе сүт» өндірістік кооперативінде айран, қаймақ, сары май, сүзбе, чечель, ірімшік, құрт өнімдері өндіріліп, дүкен сөрелеріне сатылымға шығуда. 

Мемлекет басшысының елі¬мізде халықтың табысын арттыру жөнінде берген тапсырмасы аясында «Ауыл аманаты» жобасы өңірде нәтижелі жүзеге асырылып келеді. «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді», – деген болатын  Президент «Әділетті Қазақ¬станның экономикалық бағдары» атты Жолдауында.

Мемлекеттік қолдаудың арқасында өз кәсібін ашқан кәсіпкер Бақытжан Оспановтың айтуынша, бүгінгі таңда ғимаратты толық талапқа сай етіп жөндеуден өткізіп, 44 млн. 250 мың теңгеге сүт өндеуге қажетті құрал-жабдықты сатып алған. Кеткен шығынның 27,6 млн. теңгесі «Ауыл аманаты» жобасы арқылы қаржыландырылса, қалғаны кәсіпкердің өз есебінен бөлінген. Аталмыш өндірістік кооперативін бүгінге дейін қайта жабдықтау жұмыстарына 80 млн. теңге жұмсалған. Қазіргі таңда кәсіпорында екі ауысыммен 18 адам жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта кәсіпорын жұмысын ұлғайту көзделіп отыр.