Ұлытаулық металлургтер мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Qaz365.kz редакциясы

Марапаттарды ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапары барысында арнайы табыс етті.

Шілденің үшінші жексенбісі Қазақстанда металлург күні ретінде белгіленген. Осыған орай Ұлытау облысында бірқатар сала үздіктері мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Марапаттарды ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов өңірге жұмыс сапары барысында арнайы табыс етті.

Атап айтар болсақ, «Құрмет» орденімен ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің «Жезқазғансирекмет» РМК директоры Нариман Абылқанов, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Болат Айдаболов, «Жезқазғантүстімет» ӨБ Қарсақпай металлургия зауытының металл құюшысы Бақтияр Аңсағаев, «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының слесарь-жөндеушісі Сейдахмет Жақашбаев, Жезқазған мыс балқыту зауытының токарі Бүркітбай Оспанов, «Жайрем КБК» АҚ карьеріндегі автокөлік жүргізушісі Елхутты Рахымов, «Ерен еңбегі үшін» медалімен «Kazakhmys» филиалы Жезқазған байыту фабрикаларының флотаторы Гүлбану Жұмадилдинова, «Kazakhmys Smelting» ЖШС гидрометаллург аппаратшысы Жүсіпбек Кенбаевқа табысталды.  

«Мен үшін ерекше күн. Осы салада жұмыс істеп келе жатқаныма 40 жыл толды. Осы уақыт аралығында өңірімізге құрмет әрі еліміздің экономикасын дамыту жолында еңбектеніп келеміз. Бұл – менің ғана емес, барлық әріптесімнің еселі қызметінің жемісі деп білемін»-дейді Жезқазған байыту фабрикасының флотаторы Гүлбану Жұмадилдинова. 

Марапаттау рәсімінде жиналған жұртшылықты құттықтаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов сала еңбеккерлерінің ел экономикасына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.

«Мемлекет басшысының атынан награда алу және оны премьер-министрдің арнайы тапсыруы – мен үшін үлкен мәртебе. Барша әріптесімді айтулы мерекемен құттықтаймын. Еңбегіміз елене берсін»-деп атап өтті марапатталушы Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Болат Айдаболов. 

Марапаттау рәсімінде жиналған жұртшылықты құттықтаған Үкімет басшысы Олжас Бектенов сала еңбеккерлерінің ел экономикасына қосқан зор үлесін ерекше атап өтті.