Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әлеуметтік осал топтарды қорғауды күшейтеді

Qaz365.kz редакциясы

Заңды іске асыру шеңберінде әзірленген.

Әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін қарыздарды өтеуді кейінге шегеру тәртібі енгізіледі. Бұл жаңашылдық банк және микроқаржы қызметін реттеу мәселелері жөніндегі қаулы жобасы аясында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құжатта әлеуметтік осал топтарға, сондай-ақ төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға міндетті түрде шегерім беру көзделген. Егер осындай санаттағы қарыз алушының табысы азайса, банктер мен микроқаржы ұйымдары оған кемінде үш ай мерзімге комиссиясыз несие шегерімін ұсынуға міндетті болады. Бұл ретте қарыз алушы өз қаржылық жағдайының нашарлағанын растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.

Қаулы жобасы «Қаржы нарығын дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық реттеуді алып тастау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды іске асыру шеңберінде әзірленген.

Құжаттың толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында танысуға болады.