ҚР Атом энергетикасы агенттігінің мамандары үшінші АЭС-тің орналасатын орнын анықтаумен айналысып жатыр.
Қазақстанда салынатын үшінші атом электр станциясы Қытаймен бірлесіп іске асырылады. Бұл туралы 2025 жылғы 31 шілдеде өткен Үкімет баспасөз мәслихатында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Роман Склярдың айтуынша, жаңа станцияны екінші АЭС-ті салатын қытайлық компания тұрғызуы мүмкін. Қазіргі таңда ҚР Атом энергетикасы агенттігінің мамандары үшінші АЭС-тің орналасатын орнын анықтаумен айналысып жатыр.
Атом станциясының жанында тұрақты су көзі болуы шарт. Сондай-ақ өндірілетін электр энергиясын жеткізуге арналған аймақтар нақтылануы керек. Бұл мәселелер жуық арада аяқталып, жыл соңына дейін станцияның нақты қай өңірде орналасатыны жария етіледі. Қазір тиісті келісімдер қарастырылып жатыр, мұнда ешқандай құпия жоқ, – деді Скляр.
Оның сөзінше, станцияның нақты құны техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленгеннен кейін белгілі болады.