KMF банкі қандай салаға басымдық бермек?

Qaz365.kz редакциясы

Бүгін ресми түрде елдегі 23-ші банкке лицензия тапсырылды. Бұған дейін микроқаржы ұйымы ретінде танылған KMF енді Қазақстанның банк жүйесінің толыққанды қатысушысына айналады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Салтанатты тапсыру рәсімінде агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияны «KMF Банк» АҚ басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповке тапсырды. Қазақстан нарығында 28 жылдан астам тарихы бар қаржы ұйымының активтері 395 млрд теңге. Ал, кредит портфелі 315 млрд теңгеге жетті, бұл ретте қаражаттың 90%-дан астамы аграрлық сектордағы 100 мыңнан астам қарыз алушыны қоса алғанда, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсалмақ. Кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету желісі бойынша жобалар экономиканың нақты секторы субъектілеріне KMF берген кредиттердің 55%-ын құрады. Клиенттерінің жалпы саны 275 мыңнан асты, олардың 70%-нан астамы өңірлерде тұрады.

Әрі қарай KMF бекітілген жоспарға сәйкес: ішкі инфрақұрылымды жаңғырту, болашақ банктің үй-жайларын дайындау, автоматтандырылған банктік шешімдерді іске қосуды қоса алғанда, заманауи ақпараттық жүйелерді енгізу, сондай-ақ басшы құрамды жалдау және Агенттікпен келісу сияқты іс-шаралар кешенін іске асырды. Бүгінгі күні KMF тарапынан банкке қойылатын қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкестік қамтамасыз етіліп, корпоративтік басқару және тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі құжаттар әзірленді, ұлттық төлем жүйесіне және мемлекеттік дерекқорға қосылу қамтамасыз етілді, сондай-ақ Ұлттық Банктен банктік сәйкестендіру коды алынды, - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы.

Енді KMF Банк жеке және заңды тұлғалар үшін базалық банктік қызметтердің ауқымды түрлерін көрсетуді жоспарлап отыр. Оның ішінде депозиттер қабылдау, шоттар ашу және жүргізу, банктік қарыздар беру, кассалық және аударым операцияларын жүргізу, шетел валютасын айырбастау, банктік кепілдіктер беру. Мұндай қызметтер жиынтығы жеке клиенттердің де, шағын және орта бизнестің де, оның ішінде аграрлық сектордың да қажеттіліктерін қамтуға мүмкіндік береді.

Біз KMF банктің нарыққа шығуы: тұтынушылар үшін, әсіресе банктік инфрақұрылымға қолжетімділігі шектеулі аймақтарда таңдау мүмкіндіктерін кеңейту, бөлшек кредиттеу, шағын және орта бизнеске қызмет көрсету саласындағы бәсекелестікті күшейту, цифрлық шешімдерді, икемді шарттарды және клиентке бағдарланған бизнес-модельді енгізу есебінен банк қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттырады деп күтеміз, - деді Мадина Әбілқасымова

Банк мәртебесін алған «KMF Банк» шағын және орта бизнесті, оның ішінде шалғайдағы өңірлер мен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қаржыландыруды жоспарлап отыр. Осылайша, KMF Банк 2025 жылы банктік лицензия алған екінші жаңа банк болды.