Қымбатшылықтан соншалықты қиналған халықты көрмедім - Ермұрат Бапи

Qaz365.kz редакциясы
Мәжіліс

Астанада Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиын басталар алдында депутаттарға қымбатшылық мәселесіне байланысты сұрақ қойылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Баға шетелмен шамалас, бірақ жалақы төмен»

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова азық-түлік бағасының тым жоғары екенін атап өтті:

«Егер шетелдегі бағаға қарасаңыз, онда жалақылары бізден әлдеқайда жоғары болғанымен, азық-түліктің құны шамалас. Біз бағаны не қалыптастыратынын қарауымыз керек. Делдалдар әр кезең сайын 5-15% үстеме қосып, ақырында тұтынушы бастапқы жеткізуші бағасынан 2-3 есе қымбат төлейді. Бұған тереңірек назар аудару қажет. Біз бұл мәселені үнемі көтереміз, бірақ шешімді Үкімет қабылдайды. Өкінішке қарай, біздің ұсынысымызға әзірге мардымды реакция жоқ», – деді депутат.

Ал Мәжілістің тағы бір депутаты Ермурат Бапи бағаның халыққа айтарлықтай ауыртпалық түсірмейтінін айтты:

«Қымбатшылықтан соншалықты қиналған халықты көрмедім. Әрине, қымбатшылық туралы әңгіме қай жерде болсын бар. Бірақ мен Шығыс Қазақстанда, Семейде, Алматы облысында болдым. Біраз жерде болдым. Сондай қатты бір қиыншылыққа тап болған халықты көрген жоқпын. 1 қыркүйекке балаларына киім ала алмай отырған жекелеген отбасылар бар екен. Оларға аз да болса да көмек көрсету бойынша әрекет жасадық», - деді Ермұрат Бапи.

Ұлттық банк не дейді?

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, азық-түлік инфляциясы шілде айында 11,2%-ға жеткен.

«Бұл ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің қымбаттауымен, соның өндіріс шығындарына әсер етуімен байланысты. Сондай-ақ импорт бағасының өсуіне қарай көтерме баға да артты. Ал азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы – 9,5%», – деді ол.

Елдегі инфляцияда өсіп отыр: 2025 жылғы маусымда 12,6% болса, шілдеде 14,2%-ға жеткен. Ұлттық банк болжамынша, жыл соңына дейін инфляция 11–12,5% аралығында сақталуы мүмкін.