Ресейдегі жанармай мәселесіне байланысты Қазақстанды бензин тапшылығы күтіп тұр – сарапшы

Qaz365.kz редакциясы

Күзде жанармай құю бекеттерінде бензин жеткізуге қатысты қиындықтар қайта туындауы мүмкін

Ашық дереккөзден

Energy Monitor телеграм-арнасында сарапшы Нұрлан Жұмағұлов Ресей мұнай өңдеу зауыттарындағы ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары мен украиналық дрондардың жүйелі шабуылдары бірқатар өңірлерде жанармай тапшылығына әкелетінін жазды, деп хабарлайды Qaz365.kz

Бұл мәселе Қиыр Шығыста және Еділ бойында байқалуда. Бензин жетіспеушілігі Қазақстанмен шектесетін кейбір ресейлік өңірлерге де әсер еткен.

Бұл Қазақстаннан заңсыз әкетіліп, Ресейде қайта сатылатын жанармай көлемі артуы мүмкін дегенді білдіреді. Ал бензиннің жеке көліктермен шығарылуын толық бақылау мүмкін емес болғандықтан, еліміз жақын уақытта тапшылыққа тап болуы ықтимал.

«Жеке автокөліктермен Ресейге қанша жанармай тасымалданатыны белгісіз. Себебі рубльдің теңгеге шаққандағы нығаюынан жанармай бағасындағы айырмашылық екі есеге жуық артты. Қордайда бақылау бар: қосымша цистерналарды тексереді, машиналардың тәулігіне бір рет шығуын қадағалайды және тағысын тағы. Ал Ресеймен шекаралас облыстарды бақылау мүмкін емес», — дейді Жұмағұлов.

Аналитик Олжас Байдильдинов те жанармай контрабандасы көрші мемлекеттермен бағалық айырмашылықтың тым үлкен болуына байланысты өршіп отырғанын атап өтті.

«Бұған шекарадағы жеңіл бизнес түрлерін қосыңыз: жолаушыларды тасу, жеміс-көкөніс пен тауарларды жеткізу, көліктерді газға бейімдеу, ұлғайтылған бензин бактары — соның арқасында тек жанармайдың өзінен-ақ күніне жүз доллардан кем таппай табыс табуға болады…» — дейді Олжас Байдильдинов.

Сарапшының айтуынша, мәселені шешудің жалғыз тиімді жолы — ішкі нарықтағы бағаларды біртіндеп теңестіру. Себебі көрші елдерде жанармайды сату тиімді болып тұрғанша, Қазақстан тұрақты түрде тапшылыққа ұшырай береді.

Жағдайды одан сайын күрделендіретіні — 1 қазаннан бастап Атырау мұнай өңдеу зауыты бір айға жоспарлы жөндеуге тоқтайды.