АИ-92 бағасына қатысты маңызды ақпарат айтылды

Qaz365.kz редакциясы
Сергей Бобылев/ТАСС

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет азаматтардың мүддесін ескере отырып, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және экономикалық реформалардың ықтимал теріс әсерін азайту бағытында нақты шаралар қабылдады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жиында экономикалық саясатты ретке келтіру және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қорғауға арналған бірқатар маңызды шешім қабылданды.

1. Отын бағасына мораторий енгізіледі

16 қазаннан бастап АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының бағасын көтеруге мораторий жарияланды. Бұл шешім инфляция тұрақтанғанға дейін күшінде болады.

Энергетика министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, жанар-жағармай нарығын тұрақты қамтамасыз ету бойынша бақылауды күшейту тапсырылды.

2. Коммуналдық тарифтер 2026 жылға дейін өспейді

16 қазаннан бастап барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызмет тарифтерін көтеру 2026 жылдың І тоқсанының соңына дейін тоқтатылады.

Табиғи монополиялар субъектілері өз операциялық шығыстарын оңтайландыру арқылы тарифтердің өсуін тежеуі тиіс. Сонымен қатар, ТКШ саласындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімде аяқталуы қажет.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй көмегін ұсыну механизмі сақталады.

Сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында тұрақтандыру қорларын қаржыландыру екі есе арттырылады. Бұл ішкі нарықтағы өнім бағасын төмендетуге бағытталады.

3. Жаңа Салық кодексі жеңілдетіледі

Шағын және орта бизнеске түсетін ауыртпалықты азайту үшін арнайы салық режиміне салынған артық шектеулер алынып тасталады.

Тыйым салынған тізімде тек бұрынғыдай 44 қызмет түрі ғана қалады.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске арналған жаңа салықтық тәртіп енгізіледі:

  • салықтық тексерулер мен камералдық бақылау алынып тасталады;
  • сот арқылы тіркеу мен мәмілелерді жарамсыз деп тану тәжірибесі тоқтатылады;
  • негізгі қарыз өтелген жағдайда 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін өсімпұл мен айыппұлдар кешіріледі.

Бұл бизнеске жаңа Салық кодексіне кезең-кезеңімен бейімделуге мүмкіндік береді.

4. Ипотекалық бағдарламалар кеңейтіледі

Базалық мөлшерлеменің өсуіне байланысты Үкімет тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесін қолдау шараларын қабылдады.

Халыққа арналған арзандатылған ипотекалық несиелердің көлемі екі есеге ұлғаяды. Бұл мақсатта «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары арқылы 500 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінеді.

Сондай-ақ көпшілік күткен «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады. Жыл сайын кемінде 7 мың әскери отбасы жаңа және қайталама нарықтан пәтер алу мүмкіндігіне ие болады.

Құрылыс компанияларымен оффтейк-келісімдер жасалып, олар үш жыл бойы тұрғын үй бағасын ұстап тұру міндеттемесін алады.

5. Автонесиелеу мен бизнесті қолдау жалғасады

Үкімет отандық автоөндірушілер мен екінші деңгейлі банктер арқылы жеңіл автокөлік сатып алуға арналған несиелеу бағдарламаларын жалғастырады.

Сонымен қатар азаматтарға арналған жеңіл автокөліктерді лизинг арқылы алу тетігі енгізіледі.

«Бәйтерек» холдингіне шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған қосымша ұсыныстарды қысқа мерзімде енгізу тапсырылды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметтің қабылдап отырған шаралары ұзақмерзімді тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге және Президенттің әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындауға бағытталғанын атап өтті.