Инвестиция тарту үшін ең алдымен сенім мен ыңғайлы жағдай керек
Өңірлік экономиканы тек ірі жобалар арқылы ғана дамыту міндетті емес. Инвестиция тарту үшін ең алдымен сенім мен ыңғайлы жағдай керек. Инвестор келгенде жер де, инфрақұрылым да, маман да дайын болса - бизнес те, экономика да жанданады. Қазір басты мақсат - өңірлерді өз ерекшелігіне қарай дамыту, өндірісті күшейтіп, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту. Бұл межеге жетудің жолы қандай? Тәуелсіз сарапшы, экономист Бауыржан Ысқақов Qaz365.kz тілшісіне алдағы бес жылда аймақтардың даму бағыты мен ондағы адам капиталының әлеуеті, инвестиция, инфрақұрылым жайлы айтып берді.
– Бауыржан мырза, өңірлерге инвестиция тартуда қандай ынталандыру шаралары тиімді болар еді?
– Өңірлерге инвестиция тарту үшін ең алдымен нақты ынталандыру шаралары керек. Мысалы, алғашқы 3-5 жылда корпоративтік салықтан жеңілдік беру немесе қайта инвестиция салған компанияларға салық несиесін ұсыну тиімді болар еді. Бұл бастапқы кезеңде инвестордың тынысын ашады. Әкімдік тарапынан да толық қолдау қажет. Инвестор жер телімін алуда, лицензия рәсімдеуде немесе инфрақұрылымға қосылуда қиындық көрмеуі тиіс. Осы мәселелер шешілсе, өңірге капитал тарту әлдеқайда жеңілдейді.
Тағы бір маңызды бағыт - кадр даярлау. Инвестор келгенде дайын маман болуы керек қой. Сондықтан оқу орындары мен кәсіпорындардың байланысын күшейтіп, жергілікті кадрды оқыту қажет. Сонымен қатар, жоғары қосылған құн беретін жобаларға конкурстық гранттар мен мемлекеттік кепілдемелер берілсе, нақты нәтиже көрер едік. Инфрақұрылымдық жобаларды да жеке сектормен бірлесе дамыту маңызды - жол, электр, логистика бәрі соған кіреді.
Тағы бір тиімді тетік - қаржының белгілі бір бөлігін жергілікті компаниялар арқылы айналдыру. Бұл өңірдің экономикасын тірілтеді. Ал шетелдік инвесторларға ұзақ мерзімді кепілдіктер мен валюталық тұрақтылық беру сенімділікті арттырады.
– Ал инфрақұрылым мен жол қатынасының сапасы өңір экономикасының өсіміне қаншалықты әсер етеді?
– Инфрақұрылым мен жол сапасының экономикаға әсері өте үлкен. Себебі жақсы жол мен байланыс жүйесі логистикалық шығынды азайтып, өнімді нарыққа тез шығаруға мүмкіндік береді. Мысалы, тасымалдау шығынын небәрі 1 пайызға қысқартсақ, ауыл шаруашылығы өнімінің табыстылығы бірнеше пайызға артады. Яғни, жолдың әрбір шақырымы - кәсіпкердің уақыты мен қаржысы.
Инфрақұрылым тек жол салумен шектелмейді. Оны күтіп ұстау, уақтылы жөндеу, техникалық қызмет көрсету де маңызды. Егер жол сапасы жақсы болса, өңірде өндіріс көлемі өседі, жаңа жұмыс орындары ашылады, туризм де жанданады. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік сектор мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі де артады.
Тағы бір өзекті мәселе - стратегиялық жоспарлау. Біз кейде қаржыны негізгі дәліздерге ғана жұмсаймыз да, ауыл арасындағы шағын жолдарға көңіл аз бөлеміз. Ал шын мәнінде, ауылдың ішкі жол желісін дамыту - жергілікті экономиканың қозғаушы күші. Цифрлық инфрақұрылым да осы қатарда: интернет пен байланыс болмаса, бизнес те, білім де, қызмет те алға баспайды. Сондықтан инфрақұрылымға салынған әр теңге - өңірдің болашағына салынған инвестиция.
– Алдағы бес жылда елдің ЖІӨ-сін екі есе арттыруға бел буып отырмыз. Оған қол жеткізу үшін өңірлік дамудың басты бағыты қандай болуы тиіс деп ойлайсыз?
– Алдағы бес жылда өңірлердің дамуы нақты бағыттарға негізделуі керек деп ойлаймын. Ең алдымен, технологиялық және көлік-логистикалық хабтар құру маңызды. Әр аймақ өз географиялық артықшылығын пайдалана білуі керек. Мысалы, Семей өңірі Қытайға жақын болса, Шымкент пен оңтүстік аймақтар шекаралас елдермен сауда байланысын күшейте алады.
Сонымен бірге, агроөнеркәсіп пен өңдеуді дамыту қажет. Шикізатты өзіміз өңдеп, қосымша құн қалыптастырсақ, экспорттық әлеуетіміз де артады. Климатқа бейімделген, экологиялық таза және энергия үнемдейтін шешімдерге көшу де маңызды.
Тағы бір басым бағыт - цифрландыру. Ауылдағы интернет сапасын арттыру, электронды сауданы дамыту, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру керек.
Бәрінен бұрын адам капиталына көңіл бөлу қажет. Жастар мен әйелдердің кәсіпкерлігіне қолдау көрсету, білім мен біліктілікті арттыру - өңірдің тұрақты дамуының басты кілті.
– Әңгімеңізге рақмет!