Ең төменгі жалақы 85 мыңнан 110 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Мәжіліс депутаттары осындай ұсыныс жасады

depositphotos

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мың теңгеге арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бастама Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарына сүйеніп әзірленген жаңа есептеу әдістемесіне негізделген. Бұл мәселе «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау кезінде көтерілді.

Маусым айында Қаржы министрі Мәди Тәкиев ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесіне сәйкес, 2026 жылы бұл көрсеткіш 90 мың теңгеден асуы мүмкін екенін мәлімдеген болатын. Алайда тамыз айында вице-премьер Серік Жұманғарин бұл жоспардың кейінге қалдырылғанын айтып, қазіргі экономикалық жағдайда ең төменгі жалақыны өсіру жоспарда жоқ екенін жеткізген.

Сол уақытта Мәди Тәкиев те ең төменгі жалақы кемінде 90 мың теңге болуы тиіс, бірақ инфляция мен бюджет мүмкіндіктеріне байланысты оны арттыру әзірге қиын екенін түсіндірген еді.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 85 мың теңге алмау үшін не істеу керегін айтқан еді. Сондай-ақ ол қанша қазақстандық ең төменгі жалақы алатынын айтқан.