Қымбат алтын теңгеге тіреу болады

Qaz365.kz редакциясы

Қазір әлемдік нарық алтынның жаңа кезеңіне кірді

pexels.com

Әлемдік нарықта алтынның құны қымбаттағалы қашан, сонымен қоймай алтынға деген сұраныс әлі де бәсеңдер емес. Бірақ бұл жолы сатып алушылардың басым бөлігі - орталық банктер мен инвесторлар, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Соңғы бір жылда алтынның бағасы 50 пайызға қымбаттап, бір унциясы 4000 доллардан асып кеткен еді. Алайда соңғы күндері нарықта шағын «тыныс алу» байқалды – алтын шамамен $4053 деңгейіне дейін төмендеп, 1,4 пайызға арзандады.

Бұл өзгеріс АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісіміне қатысты оң сигналдармен байланысты. Қаржы нарығында сәл құбыла бастаса болды инвесторлар қорғаныс активі ретінде алтынға жүгіреді, қауіптің беті қайтты-ау дегенде қайтадан яғни алтынға деген сұраныс азаяды. Дегенмен, сарапшылар дәл қазір бұл қымбат минералдың құны аздап түскенін нарықтағы табиғи түзету деп бағалап отыр. Өйткені алдыңғы аптада да алтын 3,3 пайызға арзандап, бірнеше апта қатарынан өскен «баға толқынын» аздап бәсеңдеткен болатын.

Алтынның өсімі мұнымен тоқтаған жоқ. Қысқа мерзімді түзету болғанымен, жыл басынан бері алтынның жалпы өсімі 55 пайызға жуықтап отыр. Бұл – тарихи тұрғыда өте жоғары көрсеткіш. Нарықты ұстап тұрған басты факторлар – орталық банктердің белсенді сатып алуы мен инвесторлардың бюджет тапшылығы мен инфляциядан қорғану стратегиясы.

Бүгінде әлемнің 23 елі алтын қорын көбейткен. Бұл қатарда Қытай, Үндістан, Түркия сияқты мемлекеттер бар. Сарапшылардың айтуынша, 16 жыл бойы орталық банктер алтынның таза сатып алушысы болып келеді. Бұл – жаһандық қаржы жүйесінің қайта құрылуының нақты белгісі.

Goldman Sachs дерегі бойынша, әлемдік активтер құрылымындағы алтынның үлесі 4%-дан 6%-ға дейін өскен – бұл 1986 жылдан бергі ең жоғары деңгей. 1980 жылы инфляция шарықтаған кезеңде бұл көрсеткіш 22 пайызға жеткен болатын. Демек, әлем қайтадан сол бағытқа қарай жылжып келеді.

Bloomberg сарапшыларының пікірінше, егер алтын бағасы $3500 шамасына дейін түссе де, бұл нарық үшін пайдалы болмақ. Себебі тарихи тұрғыдан мұндай деңгейдің өзі де жоғары саналады. Қысқа мерзімді түзету инвесторлардың шамадан тыс алыпсатарлығын азайтып, нарықтың тұрақтылығын сақтайды.

Сонымен қатар, АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРС) алдағы уақытта базалық мөлшерлемені 25 базистік пунктке төмендетуі мүмкін деген күтілім де алтынға қолдау көрсетеді. Өйткені пайыздық мөлшерлеме төмендеген сайын, алтын сияқты кіріс әкелмейтін активтерге сұраныс артады.

Экономист, Tengenomika телеграм-арнасының авторы Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, бұл үдеріс Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік:

«Бұл жай ғана әлемдік тренд емес, Қазақстан үшін нақты артықшылық. Себебі біздің алтын-валюта резервіміздің басым бөлігі алтын түрінде сақталады. Баға өскен сайын резервтердің құны да артады. Бұл теңге бағамына қолдау көрсетіп, валюталық нарықтағы қысымды азайтады», – дейді ол.

Қазақстанның алтын-валюта резервінің шамамен 60 пайызы алтыннан тұрады. Сондықтан әлемдік нарықтағы бағаның жоғары болуы біздің қаржы тұрақтылығымызға оң әсер етеді. Тіпті алтынның аздап арзандауы да Ұлттық банк үшін аса қатерлі емес, өйткені баға әлі де тарихи жоғары деңгейде. 

Қазақстан – әлемдегі ең ірі алтын өндіруші елдердің бірі. АҚШ-тың Геологиялық барлау қызметінің мәлімдеуінше (USGS), 2024 жылы елімізде шамамен 130 тонна алтын өндірілген. Баға өскен сайын отандық өндірушілер мен экспорттаушылардың табысы да артады. Бұл бюджетке қосымша түсім әкеліп, елдің төлем балансына оң ықпал етеді. Одан бөлек, алтынның жоғары бағасы инвесторлар үшін жаңа жобалар ашуға, кен орындарын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл – экономиканы әртараптандырудың нақты бағыты.

Соңғы жылдары қазақстандықтар да алтынға жеке инвестиция түрінде қызыға бастады. Оны Ұлттық банк ұсынған инвестициялық алтын құймаларына деген сұраныс артып келе жатқанынан біле аламыз. Бұл үрдіс әлемдік тенденциямен үндес. 2025 жылдың өзінде мұндай құймаларды сатып алу көлемі 20 пайызға артқан. Халық оны инфляция мен теңге құнсыздануынан қорғану тәсілі ретінде көреді.

Қазір әлемдік нарық алтынның жаңа кезеңіне кірді. Бағаның қысқа мерзімді төмендеуі – уақытша тенденция. Ал ұзақ мерзімді тренд әлі де өсу бағытына қарай бет алған. Бұл жағдай Қазақстан үшін тиімді: біріншіден, ұлттық резервтердің құнын арттырады; екіншіден, теңгеге тұрақтылық береді; үшіншіден, алтын өндіру мен экспортқа серпін береді.

«Алтынның бағасы – тек металлдың емес, сенімнің де бағасы. Ал сенім бар жерде тұрақтылық бар», – дейді сарапшылар.