«Лукойлға» қарсы санкциялар қазан айында енгізілген
«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов алғаш рет ресейлік «Лукойл» компаниясына салынған санкциялардың салдары және оның Қазақстандағы активтерінің тағдыры туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Белгілі болғандай, «Лукойл» Қазақстанда 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келеді және елдің мұнай-газ саласындағы ең ірі жобалар: Теңіз, Қашаған, Қандмед және басқа да кен орындарының серіктесі болып табылады. Алайда қазан айында компанияға қарсы енгізілген халықаралық санкциялар Қазақстанның бұл компаниямен одан әрі серіктестігіне қатысты сұрақтар туындатқан еді.
Осыған байланысты журналистердің «Қазақстан “Лукойлдың” үлесін сатып алуды жоспарлап отыр ма?» деген сұрағына жауап берген Нұрлан Жақыпов бұл мәселе әлі де талқыланып жатқанын айтты.
«Бұл – коммерциялық тұрғыдан өте сезімтал мәселе. Қазір біз халықаралық кеңесшілермен бірге “ҚазМұнайГаздың” осындай жағдайда қалай әрекет етуі керектігін анықтау бойынша ауқымды әрі күрделі жұмыс жүргізіп жатырмыз. “Лукойл” бұрын да, қазір де сенімді серіктес болып қала береді. Алайда біз заңнаманы және санкциялық шектеулерді ескеруіміз керек», – деді «Самұрық-Қазына» басшысы.
Оның айтуынша, алдағы уақытта жаңа жағдайларды ескере отырып, серіктестікті қалай жалғастыру керектігі жөнінде нақты шешім қабылданады.
Сонымен қатар Жақыпов ықтимал мәмілелер мен келісімдердің егжей-тегжейін ашуға бас тартты, бұл тақырыптың «аса сезімтал әрі сақтықты қажет ететінін» атап өтті.
Айта кетейік, «Лукойлға» қарсы санкциялар қазан айында енгізілген, бұл шешім Қазақстанның мұнай-газ саласында белгілі бір алаңдаушылық туғызған. Себебі ресейлік компания елдегі бірнеше стратегиялық жобаларда үлеске ие.