АЭС құрылысы: “Росатом” Үлкен ауылында 70-тен астам ұңғыманы бұрғылап, топырағын зерттеуге кірісіп кетті

Qaz365.kz редакциясы

Алдын ала сейсмикалық және картографиялық жұмыстар жүргізілді

Фото: cnews.ru

«Росатом» Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында салынатын болашақ атом электр станциясының (АЭС) орнында жобалау және зерттеу жұмыстарын бастады. Бұл туралы Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сәтқалиевтің айтуынша, қазіргі таңда тереңдігі 30-дан 150 метрге дейінгі 70-тен астам ұңғыма бұрғыланған. Алынған топырақ үлгілері зерттеуге жіберілген.

Сонымен қатар алдын ала сейсмикалық және картографиялық жұмыстар жүргізілді. Жиналған барлық деректер жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне енгізіледі.

«МАГАТЭ (Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік) стандарттарына сәйкес, егжей-тегжейлі инжиниринг пен жобалық құжаттама әзірлеуге дейін шамамен 18 ай бойы алдын ала зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Сол кезеңде станцияның нақты орналасу координаттары анықталады. Сондай-ақ негізгі инженерлік инфрақұрылымды тарту, жұмысшылар кентін орналастыру және қазақстандық мазмұн үлесін (ел ішінде өндірілетін жабдықтардың үлесін) белгілеу мәселелері жобалық құжаттамаға енгізіледі», – деді Сәтқалиев Ақордада өткен кулуарлық кездесуде.

Оның айтуынша, станцияның нақты орналасу нүктесі әзірге бекітілмеген – ол туралы инженерлік зерттеу нәтижесінен соң белгілі болады.

Қазақстандағы АЭС құрылысы

2025 жылдың ақпан айында Қазақстанда салынатын АЭС орны болып Алматы облысының Жамбыл ауданы ресми түрде бекітіліп, тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жамбыл ауданында орналасқан Үлкен ауылы бұрыннан АЭС салынуы мүмкін орындардың бірі ретінде қарастырылған еді. 

Қаңтар айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесе отырып, атом саласын дамытудың ұзақмерзімді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ол болашақ АЭС нысандарын салуға ең қолайлы орындар мен заманауи әрі қауіпсіз технологияларды таңдауда жан-жақты талдау мен айқын көзқарастың қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Үкімет пен Парламенттен екінші атом станциясын салу орны бойынша ұсыныстар күтетінін айтты. Сол кезде Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев екінші АЭС-ті біріншісімен қатар салу мүмкіндігін жоққа шығармаған еді.