Халық бизнеске қарағанда көбірек ақша жинай бастады

Qaz365.kz редакциясы

Қазақстандықтардың банк жүйесіндегі жинақ қаражаты бизнес салымдарынан асып түсті

Freepik

Қазақстандықтардың банк жүйесіндегі жинақ қаражаты бизнес салымдарынан асып түсті. 2025 жылдың қыркүйегіндегі деректерге сәйкес, елдегі жалпы депозит көлемі 43,4 триллион теңгеге жетіп, бір айда 1,5 пайызға артқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Өсімнің негізгі бөлігі ұлттық валютадағы салымдарға тиесілі – теңгелік депозиттер 34,5 трлн теңгеге дейін ұлғайып, 3,6 пайыз өсім көрсеткен. Ал шетел валютасындағы салымдар, керісінше, 5,6 пайызға азайып, 9 трлн теңгеге дейін түскен. Нәтижесінде долларлану деңгейі 20,6 пайызға дейін төмендеді (жыл басында – 22,5%). Бұл теңгеге деген сенімнің нығайғанын көрсетеді.

Бүгінде банктердегі қаражаттың көп бөлігі жеке тұлғаларға тиесілі. Азаматтардың шоттарында 24,5 трлн теңге, ал заңды тұлғалардың салымдары 19 трлн теңге шамасында. Бір ай ішінде халықтың депозиті 1,4 пайызға, бизнес салымдары 1,7 пайызға өскен.

Сарапшылардың айтуынша, депозит өсімінің басты себебі – ұлттық валютаның тұрақтылығы мен табыс мөлшерлемесінің жоғары болуы. Қазір жеке тұлғалар үшін орташа сыйақы мөлшерлемесі 14,4 пайыз, ал заңды тұлғалар үшін 15,4 пайызды құрайды.

Аналитиктер бұл көрсеткіштерді ішкі қаржы жүйесінің тұрақтылығының белгісі деп бағалап отыр. Халықтың теңгеде жинақ сақтауға көбірек бейімделуі ұлттық экономиканың сенімділігін арттырып, бизнес пен азаматтардың қаржы мәдениетінің өзгеріп келе жатқанын байқатады.