Алаңдатарлық болжам: Ұлттық қордың қаражаты жақын арада таусылуы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы

Сарапшының айтуынша, Ұлттық қор мәңгілік емес

Коллаж Qaz365.kz

Қазақстан қазір өз өмірін негізінен Ұлттық қор есебінен жалғастырып отыр, алайда бұл қор мәңгілік емес. Экономист Расул Рысмамбетов Qaz365.kz-ке берген сұхбатында осылай деп айтты.

Сарапшының пікірінше, ел экономикасы мұнай табысына тым тәуелді болып қалған, ал нақты экономикалық әртараптандыру баяу жүріп жатыр. Өнеркәсіп пен өндіріс саласын дамытуға бөлінген қаржының едәуір бөлігі мақсатсыз жұмсалып, шетелге кетіп жатқанын да атап өтті.

«Көп жылдар бойы зауыт салуға бөлінген қаражаттың біразы Англияға, Еуропаға, қазір Дубайға шығарылып отыр. Ал салынған кәсіпорындардың көбі жұмыс істемей қалды», – деді Расул Рысмамбетов.

Оның айтуынша, мемлекет әлеуметтік жауапкершілік пен тиімділікті қатар алып жүруге тырысқанымен, бұл бағыт ұзаққа бармайды.

«Біз тарифтерді ұстап, бәріне субсидия беруге үйреніп алдық. Бірақ ақша бір күні таусылады, ал ол күн алыс емес. Егер қазіргі шығын қарқыны сақталса, Ұлттық қор төрт-бес жылда таусылуы мүмкін», – деп ескертті маман.

Рысмамбетов қазіргі экономикалық модель халықты мұнай табысы есебінен қолдауға негізделгенін, алайда мұндай саясаттың ұзақ өмір сүрмейтінін айтты.

«Қор бар кезде біз зейнетақыны, жәрдемақыны көтеріп, әлеуметтік қолдау көрсете аламыз. Бірақ ресурс сарқылған сәтте ел ауыр шындықпен бетпе-бет келеді. Бір кезде қыранша самғадық, енді жыланша жер бауырлайтын күн туады», – деді ол.

Экономист негізгі қауіп өңірлік деңгейдегі қаржылық тәртіп пен ашықтықтың болмауында екенін айтты.

«Мемлекет өңірлерге қаржы бөледі, бірақ оның бір бөлігі шынымен қажет емес жобаларға кетеді. Мысалы, әлі тозбаған бордюрларды ауыстыруға. Бұл – даму емес, бюджет қаржысын бордюр өндірушілерге қайта бөлу ғана», – деді Рысмамбетов.

Сарапшының пікірінше, Қазақстанға батыл экономикалық реформалар қажет және нарықтық қатынастарға кезең-кезеңмен көшу керек.

«Тарифтер мен бағаларды мәңгілікке қатырып қою мүмкін емес. Бүгін қиын болатынын, бірақ ертең жеңілдейтінін халыққа ашық айтуымыз керек. Әйтпесе, біз тек болашақтағы дағдарысты кейінге шегеріп отырмыз», – деп түйіндеді экономист.