2020–2024 жылдары екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы 8,2 триллион теңгеге жеткен
Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров банк жүйесіндегі әділетсіз норманы сынға алды. Ол екінші деңгейлі банктердің халықтың және квазимемлекеттік сектордың ағымдағы шоттарындағы қаржыға пайыз төлемей, сол ақшаны Ұлттық банктен жоғары мөлшерлемемен табыс табуға пайдаланып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«2019 жылдан бастап енгізілген нормаға сәйкес банктер халықтың карточкасындағы қаражатқа және квазимемлекеттік компаниялардың шоттарындағы ақшасына пайыз төлемейді. Бірақ сол қаражатты Ұлттық банктен пайыз алу үшін пайдаланады. Мұндай жағдай әлемнің ешбір елінде жоқ, тек Қазақстанда бар. Сондықтан біз осы ұятсыз норманы өзгерту үшін ұсыныс енгіздік. Мәдина Ерасылқызы, сіз осы ұсынысты қолдайсыз ба?» – деді Саиров Мәжіліс отырысында.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова депутаттың ұсынысын жалпы қолдайтынын айтты.
«Ағымдағы шоттар бойынша сыйақы есептеуге тыйым 2018 жылы қойылған. Бұл шешім квазимемлекеттік компаниялардың жосықсыз әрекеттерін шектеу және банктердің тұрақты қорландыру базасын қалыптастыру үшін қабылданған. Дегенмен біз депутаттардың ұсынысын қолдаймыз, бірақ мұндай шоттар бойынша мөлшерлеме депозиттермен салыстырғанда әлдеқайда төмен болады. Өйткені ағымдағы шоттағы ақшаны клиент кез келген уақытта шешіп ала алады», – деді Әбілқасымова.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлы да агенттік басшысының жауабын қолдайтынын мәлімдеді.
Еске салайық, соңғы жылдары қазақстандық банктердің табысы айтарлықтай артқан. 2020–2024 жылдары екінші деңгейлі банктердің жиынтық пайдасы 8,2 триллион теңгеге жеткен, ал 2025 жылдың тоғыз айында олардың табысы 2 триллион теңгеден асты.