Елімізде мобильді аударым ережелері өзгерді

Qaz365.kz редакциясы
Gov.kz

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржы ұйымдарындағы ақпараттық қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған жаңа нормативтік түзетулер қабылдады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Агенттіктің мәліметінше, құжаттың басты мақсаты – банктер мен қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігін күшейтіп, клиенттердің дербес деректерін қорғау деңгейін арттыру және киберқауіптерге жедел әрекет ету жүйесін жетілдіру.

Жаңа ережелерге сәйкес, егер клиент ақша аудару кезінде телефон арқылы сөйлесіп тұрса, банк қосымшалары аударым операциясын автоматты түрде бұғаттауы тиіс. Бұл шара азаматтарды телефон арқылы жасалатын алаяқтықтан қорғауға бағытталған.

Бұған қоса, егер қолданушының құрылғысында қашықтан басқару белгілері анықталса, мобильді қосымша кейбір функцияларды шектейді немесе операцияларды толық бұғаттайды.

Басты өзгерістердің қатарында:

  • банк мобильді қосымшасында жаңа құрылғы арқылы кірген клиентті қайта тексеру (аутентификация) тәртібін нақтылау;
  • микрофон қосылған сәтте мобильді банкингті уақытша бұғаттау талабы;
  • ақпараттық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін жағдайлар тізімін кеңейту;
  • банк инфрақұрылымы істен шыққан кезде уәкілетті органды телефон арқылы хабардар ету мүмкіндігі;
  • бөлімшелерде ақпараттық қауіпсіздік пен алаяқтыққа қарсы күрес функцияларын бөлу;
  • банктердің ақпараттық жүйесін кемінде үш жылда бір рет сыртқы аудиттен өткізу міндеті бар.

Жаңа қаулының бір бөлігі алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Осы мерзімнен бастап қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздік жедел орталықтары «Qainar» автоматтандырылған жүйесін пайдалану тәртібі нақтыланады. Ал қосымша техникалық дайындықты қажет ететін нормалар 2025 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі.