Экономистің айтуынша, тек азаматтар мен бизнестің табысы артқан жағдайда ғана салықты өсіруге болады
Экономист Айдархан Құсайынов Taldau Talks подкастында Қазақстандағы фискалдық саясатты сынға алып, салықты арттыру жүйелі мәселелерді шешпей, тек экономикалық теңсіздікті бүркемелеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Біз экономиканы реформалап жатқан жоқпыз. Салық мөлшерлемесі – бұл баға. Азамат мемлекетте өмір сүруі үшін төлейтін баға. Яғни салық – сол бағаның түрі», – деді Құсайынов.
Оның айтуынша, негізгі мәселе экономикалық жүйенің түбегейлі теңгерімсіздігінде жатыр.
«Импорттан бастап теңсіздік пайда болады. Соның салдарынан бүкіл экономикадағы бағалар құбылып тұрады. Бюджет жетіспесе, бағаны көтереміз. ТКШ-да ақша жетпей қалса, бағаны көтереміз. Отын қымбаттаса да, бағаны көтереміз», – деп түсіндірді экономист.
Маманның пікірінше, мұндай тәсілдерді реформа деп атау қате, өйткені олар жүйені өзгертпейді, тек тапшылыққа реакция білдіреді.
«Реформа дегеніміз – түбегейлі өзгеріс. Егер дүкенде табыс азайды деп бағаны көтерсе, бұл реформа емес, маркетинг, баға саясаты», – деді ол.
Айдархан Құсайыновтың айтуынша, тек азаматтар мен бизнестің табысы артқан жағдайда ғана салықты өсіруге болады.
«Экономика өрлеп, халықтың табысы артқан кезде ғана мемлекет “жағдай жасадық, енді үлес қосыңдар” деуге хақылы. Ал табыс азайып, соның үстіне мемлекет одан да көп сұраса – бұл реформа емес, бұл жыртықты жамау ғана», – деді сарапшы.
Ол қазіргі бюджет пен салық саясаты өз даму рөлінен айырылып қалғанын да атап өтті.
«Бюджет пен салықтар – экономикалық саясаттың құралы емес, тек кіріс пен шығысты теңестіру тәсіліне айналды. Бұл реформаларға апарар жол емес, экономиканың терең теңгерімсіздігінің салдары», – деп түйіндеді Айдархан Құсайынов.