Алматы экономикасы жаңа белеске шықты: инвестиция, бюджет және жұмыс орындары рекорд жаңартты

Qaz365.kz редакциясы
Курсив

Алматы қаласының экономикасы мен қаржылық дамуы соңғы айларда айқын серпін көрсетті. Экономика және қаржы басқармасының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қала экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,5 трлн теңгеге жетіп, былтырмен салыстырғанда 20%-дан астамға өскен. Инвестициялардың басым бөлігі – жеке капитал, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жеке сектор белсенділігі артып, кәсіпкерлер қала экономикасына 1,1 трлн теңгеге жуық қаражат салған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2,3 трлн теңгеге жетсе, Алматы өз тарихындағы ең жоғары инвестициялық рекордты жаңартпақ.

Қазіргі уақытта қалада 3,6 трлн теңгеден астам сомаға 189 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар инженерлік жүйелерді жаңғырту, әлеуметтік инфрақұрылым мен кәсіпорындар салу, инновациялық орталықтар құру сияқты бағыттарды қамтиды.

«Аталған жобалар 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Жыл соңына дейін аяқталатын 30 ірі жобаның өзі тағы 7 мың жұмыс орнын құрады», — делінген басқарма хабарламасында.

Қаланың қаржылық әлеуеті де өсіп келеді. Жергілікті бюджетке 9 айда 1,6 трлн теңге түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 19,3%-ға көп.

Салық түсімдері бойынша корпоративтік табыс салығы 10,3%-ға, жеке табыс салығы 24,3%-ға, әлеуметтік салық 23,4%-ға артқан.

Шағын және орта бизнес Алматы экономикасының тірегіне айналды. 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында шағын кәсіпкерлік субъектілері бюджетке 670 млрд теңге салық төлеп, 30% өсімге қол жеткізді.

Жыл қорытындысында Алматы бюджетінің кірісі 2,3 трлн теңгеден асуы күтіліп отыр. Бұл қала тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болмақ.

Экономика және қаржы басқармасы атап өткендей, Алматының стратегиялық бағыты — инвестициялық климатты нығайту, жаңа өндіріс орындарын ашу және тұрғындардың өмір сапасын арттыру.