Мемлекеттік экономикалық қауіпсіздікті күшейтудегі деректер мен талдаудың рөлі

Qaz365.kz редакциясы

Экономикалық қауіпсіздік – бірнеше саланың тоғысы

Фото aa.com.tr

Бүгінде мемлекеттер үшін тек дағдарыстарға реакция жасау жеткіліксіз. Ең бастысы – қауіптерді алдын ала көре білу және болжау. Экономикалық қауіпсіздік пен мемлекеттік басқарудағы цифрлық талдаудың рөлі туралы Qaz365.kz тілшісі осы саланың сарапшысы Нұрсұлтан Тұрсымбетовпен әңгіме өрбіткен еді.

– Соңғы жылдары мемлекеттік басқарудағы цифрландыру белсенді талқыланып жүр. Экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан бұл өзгерістердің нақты мәні неде?

– Қысқаша айтқанда, цифрландыру – «әдемі жүйелер» емес, мемлекеттің шығындарын азайту. Егер сізде сатып алулар, салықтар, тексерулер, тергеулер бойынша толық деректер қоры болса, сіз беймәлім ортада жұмыс істемейсіз. Талдау модельдері қай салада тәуекел жоғары екенін, қай ұйымдардың күмәнді схемаларға жиі қатысатынын, қай процестер әлсіз екенін көрсетеді. Бұл тек жасалған құқықбұзушылықтарды тергеуге емес, алдын алуға мүмкіндік береді. Ал алдын алу кез келген қылмыстық істен әлдеқайда тиімді.

– Сіз осы салада нақты қандай жұмыстармен айналыстыңыз? Бұл процесс ішінен қалай көрінеді?

– Менің негізгі міндетім – мемлекетке толық картинаны көруге көмектесу. Бұл экономикалық қауіпсіздік жоспарларын әзірлеу, тәуекелдерді анықтайтын талдаулық модельдер құру, тергеу органдарын деректермен қамтамасыз ету. Біз әртүрлі ақпарат көздерін біріктіріп, тәуекел профилін жасаймыз, сценарийлерді моделдейміз. Мысалы, жүйе белгілі бір салада бір топ ұйымдардың үнемі жеңіске жететінін немесе жеткізушілер тізбегінде «арадағы» компаниялар бар екенін көрсете алады. Мұндай белгілер тергеудің дәл әрі жылдам жүруіне көмектеседі.

– Яғни, бұл классикалық «қолмен» жүргізілетін тергеуден өзгеше ғой?

– Дәстүрлі тергеу – бір істің шеңберіндегі жұмыс. Ал талдаулық тәсіл бүкіл жүйені көруге мүмкіндік береді: қайталанатын схемалар, қаражатты шығару тетіктері, қандай заңнамалық олқылықтар қолданылатыны. Тек хаттамалар мен куәгерлерге сүйенген тергеу тар ауқымды деректер береді. Ал цифрлық талдау қосылғанда, осыған ұқсас қанша эпизод болғанын, оларда кімдердің қай жерде қиылысатынын, тұтас желінің бар-жоғын анықтауға болады. Бұл – мүлдем басқа деңгей.

– Мұндай жұмыста ведомствоаралық өзара әрекеттестіктің маңызы қандай? Себебі дерек алмасу көбіне қиындау деп жатады.

– Ведомствоаралық өзара іс-қимылсыз алға жылжу қиын. Экономикалық қауіпсіздік – әрқашан бірнеше саланың тоғысы: қаржы, сатып алулар, салық, құқық қорғау, салалық реттеушілер. Егер деректер бір ведомствода ғана тұйықталса, «көрінбейтін аймақтар» пайда болады. Ал схемалар көбіне дәл осы шекараларда жасалады. Сондықтан маңызды міндеттердің бірі – ақпарат қауіпсіз әрі заңды түрде алмасатындай цифрлық инфрақұрылым құру. Қай жерде ведомстволар толық ынтымақтастықта жұмыс істесе, сол жерде ашылған құқықбұзушылықтар да, олардың алдын алу да анағұрлым тиімді.

– Цифрлық шешімдер кейде сынға ұшырайды – жүйе бар, бірақ нәтиже айқын емес дейді. Талдаудың тиімділігін қалай бағалауға болады?

– Тиімділікті тек сотқа жеткен істер саны бойынша өлшеуге болмайды. Маңызды көрсеткіштер: мемлекет сақтап қалған қаражат көлемі; тексерулер мен тергеулердің қысқарған уақыты; адал бизнеске қысымның азаюы; ашықтық деңгейінің өсуі. Мемлекет дерекке сүйеніп жұмыс істей бастағанда, оның басқару стилі болжамды, тұрақты бола түседі. Бұл – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің азаюы, инвестициялық климаттың жақсаруы және азаматтардың сенімінің артуы.

– Алдағы жылдары мемлекет үшін ең сезімтал тәуекелдер қандай деп ойлайсыз?

– Әрқашан ең қауіпті тәуекелдер – көзге көрінбейтін, бірақ жиналмалы. Бұл тек ірі коррупциялық істер емес. Ұсақ, бірақ жүйелі бұзушылықтар да өте қауіпті: бағаларды жасанды көтеру, жалған бәсекелестер, «өз» мердігерлері, тиімсіз шығындар. Егер мемлекет бұл тенденцияларды деректер деңгейінде көре алмаса, экономикалық тұрақтылық әлсірей бастайды. Сондықтан басты басымдық – жалпы жағдайды көрсететін, трендтерді анықтайтын талдау модельдерін дамыту.

– Мемлекеттік талдау саласына қызығатын жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Біріншіден, тек техникалық дағды жеткіліксіз. Нақты процестерді түсіну маңызды: сатып алу қалай өтеді, бақылау қалай жүргізіледі, тергеу қалай іске асады. Екіншіден, бұл – көбіне көзге көрінбейтін, ұзақ жұмыс. Бірақ сіз жасаған тәуекел моделі немесе қауіпсіздік жоспары миллиардтаған бюджет қаржысын сақтап қалуы мүмкін. Ең бастысы – ішкі ұстанымды жоғалтпау: талдаушы үшін цифрлар – құжат емес, елдің тұрақтылығы.

– Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға сәттілік тілейміз!