Түркістанда өткен халықаралық форумда 432,2 млрд теңгеге 7 меморандумға қол қойылды

Qaz365.kz редакциясы

Түркістанда 300-ге жуық компания басшыларының қатысуымен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы жоғары деңгейде өтіп жатыр. Оған отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты. Маңызды шара барысында көрме ұйымдастырылып, келушілер мен инвесторлар назарына өңірдің қолөнер бұйымдары, туристік нысандары мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі таныстырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл форумның мақсаты – аймақтың инвестициялық және туристік әлеуетін ілгерілету, өңір экономикасын әртараптандыру бағытында инвестиция тарту, шетелдік жетекші компанияларымен іскерлік байланыстарды нығайту мен өндіріс орындарын көбейту.

Форум аясында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен «Түркістан – Қазақстанның жаңа инвестициялық циклінің драйвері» тақыбырында пленарлық отырыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, форумға қатысушыларға ерекше ықыласын білдірді. 

–  Бүгінгі форум – жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға шетелден 200 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екіжақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда елімізге Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 27 млрд. АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 165,5 млн. АҚШ долларын құрайтын 7 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деген Нұралхан Көшеров облыстың инвестициялық әлеуетін баяндады. 

Спикерлер қатарында Шэньси провинциясының шетелдік мемлекеттермен достық қоғамының хатшылық бастығы – Бан Хуэй, Қазақстан Республикасындағы ҚХР Төтенше және өкілетті Елшісі – Хань Чуньлинь, Сиань қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулы – Жошыхан Қыраубаев, «Souths Oil» компаниясының президенті – Серікжан Сейтжанов, Бачжоу қалалық халық үкіметінің хатшысы (ҚХР) – Му Хэжун, кәсіпкер, «Karazhal Operating» және «Global Chemicals Company» компанияларының негізін қалаушы, Қазақстан Республикасының Ұлттық жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) конфедерациясы ҚБ президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов қатысты. 

Пленарлық отырыстар да сәтті өтіп, идеялар талқыланды. Әріптестік нығая түсті. Түркістан облысындағы аудан, қала әкімдері тегіс қатысып, келіссөздер жүргізді. 

Форум барысында G2B және B2B келіссөздер, панельдік пікірталастар өтіп, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыру және Түркістанның халықаралық әріптестіктегі стратегиялық рөлін нығайту шаралары талқыланды. Халықаралық форумда Түркістан облысы әкімдігі мен әлемнің көшбасшы компаниялары арасында бірлескен инвестжобаларды іске асыру бойынша меморандумдарға қол қойылады. 

Атап айтқанда, «Қазақстан-Қытай» индустриалды аймағын құру жөніндегі жоба, джинс матасын өндіру, ілмек және мата өндіру, халықаралық текстиль орталығын құру, алюкацинк қағаздарын өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жобасы, жарықтандыру жабдықтары мен күн панельдерін өндіру бағытындағы  инвестжобалар мақұлданды. 

Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.