Миллиардтар желге ұшты ма: «Самұрық-Қазынаға» жүргізілген аудит нәтижесі жарияланды

Qaz365.kz редакциясы

Аудит бірқатар ірі компанияны қамтыды

sk.kz

ҚР Жоғары аудиторлық палатасы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен оның еншілес ұйымдарындағы мемлекеттік активтердің пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізіп, қордың стратегиялық басқару жүйесін бағалады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Аудит «Қазатомөнеркәсіп», «Samruk-Kazyna Ondeu» және басқа да бірқатар ірі компанияны қамтыды. Барлығы 18 заңды тұлғаға тексеріс жүргізілді. Сондай-ақ аудит барысында Парламент депутаттары мен қоғам тарапынан түскен сауалдар да ескерілген.

2024 жылдың қорытындысы бойынша «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының кірісі 16,5 трлн теңге, ал шоғырландырылған таза пайдасы 2,4 трлн теңге болды.

Аудит қамтыған кезеңде қор мемлекетке 2,37 трлн теңге аударған. Оның ішінде 779,9 млрд теңге – дивидендтер, ал 1,6 трлн теңге – активтерді бәсекелестік ортаға беру есебінен түскен. Бұдан бөлек, Қор Президент пен Үкімет тапсырмаларын орындауға 673 млрд теңге жұмсаған.

Аудит нәтижесінде анықталған негізгі кемшіліктер

Палата қордың стратегиялық жоспарлау мен корпоративтік басқару жүйесінде елеулі әлсіздіктер бар екенін атап өтті.

  • 2018–2021 жылдарға арналған трансформация бағдарламасы жоспардағыдай нәтиже бермеген. Шетелдік аналогтардың тиімділік деңгейіне шығуы тиіс болған 8 компанияның мақсаты орындалмаған. Бағдарлама бойынша нақты пайда 154,5 млрд теңге, яғни жоспарланған мөлшерден екі есе аз.
  • Қордың стратегиялық құжаттары мен даму жоспарлары жеткілікті деңгейде орындалмайды, жоспарлы көрсеткіштер төмендетілген.
  • 7 ақпараттық жүйенің тек 4-еуі қолданылады, ал кейбір компания қаржылық есепті қолмен жүргізеді.

  • Ішкі нормативтік құжаттардың 15%-ы ескірген немесе мүлдем қолданылмайды.

  • Директорлар кеңесі жанындағы 5 комитеттің 3-еуі, ал Қор басқармасы жанындағы 7 комитеттің 2-еуі 2024 жылдан бері жұмыс істемейді.

Аудит Қор құрылымының тым күрделі екенін де көрсетті: қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» тобына 6 деңгейлі 326 компания кіреді.
2020–2024 жылдары топ құрамында 23 белсенді емес компания болған, ал 41 компания 2024 жылды шығынмен аяқтаған.

Инвестициялық жобалар бойынша да тиімділік төмен: 2020 жылдан 2024 жылғы 30 қыркүйекке дейінгі 175 жобаның тек 49-ы ғана аяқталған.

Қаржылық бұзушылықтар мен тиімсіз жоспарлау

Жалпы аудит нәтижесінде:

  • 351,8 млн теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар;

  • 122,2 млрд теңге сомасында тиімсіз жоспарлау мен қаражатты пайдалану фактілері;

  • 119 жүйелік кемшілік тіркелді.

Бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жіберілді, ал кейбір бұзушылық бойынша құқық қорғау органдарына материалдар жолданды.