Дау-дамайдың туындауына салық органдары тарапынан коллекторлардан 2022-2024 жылдары өндіріп алған берешектерден қосымша құн салығын төлеуді талап етуі себеп болып отыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кірістер комитетінің бастамасымен келіспеген коллекторлар қауымдастығы «Қарызды өндіріп алуға келгенде қосымша құн салығы қосылмауы тиіс» деп есептейді. Сол себепті мамандар Кірістер комитетінен мәселені қайта қарап, екі тарапқа да ұтымды шешім шығаруды сұрайды.
“Айталық, өндіріп алуға қажетті сома мөлшері 100 мың теңге делік. Оның 70 мыңы негізгі қарызды құраса, үстіндегі 30 мыңға қосымша құн салығын салу керек деп отыр және өткен мерзім үшін талап етуде. Бұл жерде онсыз да корпоративті табыс салығы ұсталатынын айта кетейін. Тағы бір назар аударатын жайт – Кірістер комитеті 2017 жылы ашылғаннан бері мұндай талап қойылмаған, ол тек қазір ғана туындап отыр”, – дейді «Қазақстан коллекторлар қауымдастығы» одағының төрағасы Мәулен Омар.
Төраға өз сөзінде егер Кірістер комитеті коллекторлық агенттіктерге қосымша құн салығын төлеуді міндеттесе, салық заңнамасына сәйкес тиесілі сома борышкерлерге, яғни күрделі қаржылық жағдайдағы азаматтарға жүктелетінін айтты.
“Салдарынан оларда жаңа қаржылық міндеттемелер пайда болады. Бұның әлеуметтік-экономикалық салдары қандай болатынын айтып жеткізу қиын. Әрине, біз кәсіби салалық қауымдастық ретінде мәселенің дәл осылай ушыққанын қаламаймыз. Сол үшін мәселені мемлекеттік органдармен және сарапшылармен бірлесе шешкіміз келеді», – деді Мәулен Омар
Мамандардың айтуынша, бұған дейін салық органдары коллекторлық компанияларға банктен берешек сатып алғанда қосымша құн салығын төлеуді міндеттеуді ұсынған.
“Бұл өз кезегінде қарызға белшесінен батқандарға одан сайын жүк болады. Өйткені талап етілген 12 пайыздық мөлшерлеме компания шотынан емес, жеке азаматтардан өндіріледі. Бұған қоса, салықтық жүктеме қаржылық қызметтер нарығын тұрақсыздандырып, коллекторлық ұйымдардың жұмысын қиындатады және «Қарызсыз қоғам» секілді бағдарламаларға кері әсер береді”, – дейді коллекторлар.
Даулы мәселенің шешімін табу үшін дөңгелек үстел басына жиналған коллекторлар бұл басқосуға салық органдарының өкілдерін де шақырған. Алайда жиынға қатысқан Мемлекеттік кірістер департаменті аудит басқармасының № 5 аудит бөлімінің басшысы Дулат Қуанышбеков мардымды түсінік бере алмады. Кірістер комитетінің өкілі “Коллекторлық агенттіктер өз қызметтерінен пайда көріп отыр” деумен шектелді.
«Қосымша құн салығы өндіріп алуы тиіс сома мен осы құқық үшін төлеген сома арасындағы ақшадан алынады. Артық салық салынбайды. Коллекторлар мәселені ушықтырып, әртүрлі жиындар, талқылаулар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып жатыр. Жиында айтылған барлық уәждерді тыңдадық. Қауымдастықтың талап-тілегін уәкілетті органға жеткізетін боламын», – деп түсіндірді ол.