2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа салық ережелері күшіне енеді
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа салық ережелері күшіне енеді. Оған сәйкес интернет-платформалар сатылған тауарлар мен көрсетілген қызметтер туралы мәліметтерді мемлекеттік органдарға ұсынуға міндетті болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл шара электронды коммерциядағы ашықтықты арттыруға және салық төлеуді бақылауды күшейтуге бағытталған.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Ансар Оразалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа Салық кодексінде онлайн-сауданың ашықтығына қойылатын талаптар күшейтілген. Деректерді беру тәртібін айқындайтын тиісті бұйрық 2025 жылғы 18 қыркүйекте бекітілген.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша шетелдік интернет-дүкендерді шартты тіркеу жүйесі енгізіледі. ҚР Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 28 қазандағы №636 бұйрығы қазақстандық тұтынушылармен жұмыс істейтін шетелдік онлайн-компанияларды тіркеу тетігін белгілейді.
Құжатқа сәйкес Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) Қазақстан аумағында онлайн-қызмет атқаратын және ҚҚС төлеуші болып табылатын шетелдік компаниялардың тізілімін қалыптастырады.
Тізілімге ену үшін шетелдік компаниялар МКК-ға Салықтық әкімшілендірудің ақпараттық жүйесі (СААЖ) арқылы ҚҚС тіркеу туралы растау хатын жолдауы тиіс. Құжаттар нотариалды түрде куәландырылып, қазақ немесе орыс тіліне аударылуы қажет.
Деректер тексерілгеннен кейін компанияға бизнес-идентификациялық нөмір (БИН) беріледі, ал ақпарат МКК-ның ресми сайтында жарияланады.
Жаңа ережелер отандық және шетелдік онлайн-сатушылар арасындағы бәсекелестік теңдігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ электронды саудадан түсетін салық түсімдерінің ашықтығын арттыруға бағытталған.