МӘМС бойынша қарызы бар қазақстандықтарға несие берілмеуі мүмкін

Qaz365.kz редакциясы
Sputnik / Владислав Воднев

Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) бойынша берешегі бар азаматтарға ірі несие беру шектелуі мүмкін. Мұндай норма Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) әзірлеген заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құжатта көрсетілгендей, жаңа талап ірі көлемдегі несиелерге (шамамен 10 миллион теңгеден жоғары) қатысты қолданылады. Нақты шекті сома әр банктің капиталына байланысты анықталады.

Егер клиенттің МӘМС жүйесі бойынша қарызы болса, ол банктер үшін қосымша тәуекел факторы ретінде есептеледі. Бұл – жаман несие тарихы немесе жоғары қарыз жүктемесімен тең көрсеткіш болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың пікірінше, міндетті жарналарды уақытылы төлемеу – азаматтың қаржылық тәртібінің төмендігін көрсетеді, сондықтан оны несие беру кезінде ескеру орынды.