2026 жылдан бастап шетелден қаржы алатын ұйымдар мен жеке тұлғалар тексеріледі

Qaz365.kz редакциясы
elements envato

2026 жылдан бастап шетелден қаржы алатын ұйымдар мен жеке тұлғаларға қатысты салықтық бақылау күшейтіледі. Бұл жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен байланысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

1 қаңтардан бастап Мемлекеттік кірістер органдарының құзыреті едәуір кеңейеді. Енді салықшылар шетелден ақша алатын жеке және заңды тұлғаларды тексеруге, алынған қаражаттың қалай және қандай мақсатта жұмсалғанын бақылауға, сондай-ақ салықтың толық әрі дұрыс төленуін қадағалауға мүмкіндік алады.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бұл өзгерістер шетелдік қаржыландыруға қатысты ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Оның сөзінше, жаңа тетіктер шетелден қаржы алатын ұйымдарға қатысты тексеру жүргізіп, қаражаттың мақсатты пайдаланылуын және салықтық міндеттемелердің сақталуын бақылауға жол ашады.

Қазіргі таңда арнайы реестрде 186 ұйым мен жеке тұлға тіркелген. Алдағы уақытта бұл тізім кеңейтіліп, онда донорлар, бөлінген қаржы көлемі және алушылар туралы толық мәліметтер қамтылады. Жаңа талаптар тек коммерциялық емес ұйымдарға ғана емес, коммерциялық құрылымдар мен жеке тұлғаларға да қолданылады.

Заңнамаға сәйкес, декларацияны тапсырмаған жағдайда 50-ден 250 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал қаражатты әдейі жасыру және салық төлемеу фактілері анықталса, Қылмыстық кодекстің 245-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.