«АрселорМиттал Теміртау» зауытынан 1,8 млрд теңгеден астам мүлік ұрланған

Qaz365.kz редакциясы
Sputnik

Қаржылық мониторинг агенттігі Теміртаудағы металлургия зауытынан 1,8 млрд теңгеден астам мүлік ұрлау дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, тергеу барысында «АлбаСтройДор» ЖШС директоры Кимнің кәсіпорынның өндірістік нысандарына қолжетімділігін пайдаланып, домна қоспасы мен кесек шойынды заңсыз шығару схемасын ұйымдастырғаны анықталған.

2015 жылы АрселорМиттал Теміртау компаниясы мен «АлбаСтройДор» ЖШС арасында шлак өңдеуге қатысты шарт жасалған. Кейін зауыттың құқықтық мирасқоры Qarmet акционерлік қоғамы болған. Алайда шарт талаптарына сәйкес, мердігер компанияның өңдеу барысында қалған өнімдерді өз бетінше иеліктен шығаруға құқығы болмаған.

Агенттік дерегінше, ұрланған мүлікті кедергісіз шығару үшін схемаға аффилирленген күзет ұйымы – Күзет 2050 ЖШС тартылған. Оның қызметкерлері зауыт аумағына көліктің бақылаусыз кіруін қамтамасыз еткен. Ал заңсыз алынған материалдар Кимнің бақылауындағы ГлобалСпецТорг және ЦентрОптСнаб серіктестіктері арқылы заңдастырылған.

Тергеу материалдарына сәйкес, зауыт аумағынан барлығы 31 мың тоннадан астам өнім шығарылған. Күдікті Кимге қатысты сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Еске салайық, Қаржылық мониторинг агенттігі ірі өндіріс нысандарындағы қаржылық және мүліктік қылмыстарды анықтау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.