Банк шоты арқылы қандай операциялар жасауға болмайды: Ұлттық банктің түсіндірмесі

Qaz365.kz редакциясы
Gov.kz

Қазақстан Ұлттық банкінің басқармасы банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу, сондай-ақ қолма-қолсыз төлемдер мен ақша аударымдарын жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті қаулы 2025 жылғы 31 желтоқсанда қабылданып, Әділет министрлігінде №37777 болып тіркелді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жаңа талаптарға сәйкес, енді жеке тұлға банк шотын ашу кезінде бұл шот арқылы кәсіпкерлік қызметті, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі шеңберіндегі қызметті, нотариус, адвокат, медиатор қызметін, сондай-ақ атқарушылық құжаттарды орындауға байланысты операцияларды жүргізбейтінін көрсетуі тиіс. Бұл норма банкпен жасалған шартта өзгеше көзделмесе қолданылады.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де қосымша талаптар енгізілді. Арнайы салық режимі аясында қызмет жүргізу үшін ағымдағы шот ашатын тұлғалар, оның ішінде қандастар, жеке куәлігін және Салық кодексінің 77-тарауына сәйкес арнайы салық режимін қолдану туралы өтінішті банкке ұсынуға міндетті.

Сонымен қатар бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелерге қатысты өзгерістер қарастырылған. Енді мұндай ұйымдар банк шотын ашу үшін Қаржы министрлігінің 2025 жылғы 27 маусымдағы №328 бұйрығына сәйкес арнайы рұқсат алуы қажет.

Қаулыда ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру тәртібі де нақтыланды. Атап айтқанда, эскроу-шоттардан төлемдер грант алушы мен контрагент арасында жасалған келісімшарт негізінде жүзеге асырылады.

Ұлттық банк қаулысы алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.