2026 жылы зейнетақы мен жәрдемақыларға 6,8 трлн теңге бөлінеді

Qaz365.kz редакциясы
Gov.kz

2026 жылы Қазақстанда зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақыларды төлеуге шамамен 6,8 трлн теңге бағытталады. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 15,1 пайызға көп. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Министрлік мәліметінше, зейнетақы төлемдеріне 4,89 трлн теңге қарастырылған. Бұл қаражатты шамамен 2,6 млн зейнеткер алады. Ал мемлекеттік жәрдемақыларға 1,893 трлн теңге бөлініп, оны 2,3 млн-ға жуық азамат алады.

Әлеуметтік төлемдер елдің жалпы ішкі өнімінің 3,7 пайызына тең болып, республикалық бюджеттің шамамен төрттен бірін құрайды. Қаражаттың бір бөлігі мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға, оңалту шараларына және протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге бағытталады.

Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылы зейнетақы мен жәрдемақыларға 5,858 трлн теңге бөлініп, төлемдерді 4,6 млн адам алған болатын.