Бектенов жекеменшік мектептер мен клиникаларға бюджеттен ақша бөлуді қайта қарауды тапсырды

Qaz365.kz редакциясы
Үкімет

Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов жекеменшік мектептер мен медициналық ұйымдарға көрсетілетін мемлекеттік қолдауды қайта қарау қажет екенін мәлімдеді. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Премьер-министрдің сөзінше, жеке секторды субсидиялау кезінде артық қаржыландыруға жол берілмеуі тиіс. Ол адал бәсекелестікке төтеп бере алмайтын бизнесті мемлекет есебінен қолдаудың орынсыз екенін атап өтті.

– Жекеменшік мектептер мен жекеменшік медициналық ұйымдарды субсидиялау саясатын қайта қарау қажеттігі бар. Артық қаржыландыру тоқтатылуы керек. Егер бизнес адал бәсекелестік жағдайында жұмыс істей алмаса, ондай бизнестің бізге қажеті бар ма? Бұл салада алаяқтықтың кең таралғаны бәріне белгілі, – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін толық орындай береді, алайда жеке секторға шамадан тыс бюджет қаражатын бөлу тәжірибесі қысқартылуы тиіс.

Сондай-ақ Премьер-министр министрлерге нақты нәтиже талап етілетінін ескертіп, формалды есептер мен презентацияларға әуестенбеуге шақырды.

– Сөзден іске көшу керек. Әр мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарап, бюджет қаржысын барынша үнемдеп, нақты нәтиже көрсету қажет. Есеп беру мен презентация жасауды доғарыңыздар. Нәтиже болмаса, мұның бәрі бос әңгіме, – деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға жекеменшік білім беру және медицина ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін бір апта ішінде қайта қарап, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.