Екі жылда 25 мың шаруа қожалығы жабылды: сарапшы дабыл қақты

Qaz365.kz редакциясы
gov.kz

Қазақстанда соңғы екі жылда шаруа қожалықтарының саны айтарлықтай қысқарған. Бұл туралы ауыл шаруашылығы саласының сарапшысы Төлеутай Рахымбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сарапшы келтірген деректерге сәйкес, 2024 жылдың басында елде 270 мыңнан астам шаруа қожалығы тіркелсе, 2025 жылдың басында олардың саны 260,3 мыңға дейін азайған. Ал 2025 жылғы 1 желтоқсанға қарай бұл көрсеткіш 245,8 мыңды құраған. Осылайша, бір жыл ішіндегі қысқару қарқыны 3,7%-дан 5,6%-ға дейін өсіп, екі есеге жуықтаған.

Төлеутай Рахымбеков мұндай үрдіс тәуелсіздік жылдарында алғаш рет байқалып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, шаруа қожалықтарымен қатар жеке қосалқы шаруашылықтардың саны да кеміп жатыр. Атап айтқанда, 2024 жылғы 1 қаңтарда олардың саны 1 млн 631 мың болса, 2025 жылғы 1 қаңтарда 1 млн 605 мыңға дейін төмендеген.

Сарапшының мәліметінше, елдегі мал басының шамамен 90%-ы дәл осы шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтарда шоғырланған. Сондай-ақ ішкі нарықтағы ет пен сүттің 90%-ын да осы санаттағы шаруашылықтар қамтамасыз етіп отыр. Сондықтан олардың азаюы ішкі нарықта өнім көлемінің қысқаруына алып келеді.

«Халық саны өсіп жатқан жағдайда сұраныс сақталып қана қоймай, арта түседі. Ал ұсыныстың азаюы нарықта теңгерімсіздік туғызып, бағаның өсуіне әкеледі. Бұл жағдай ең алдымен ет пен сүт бағасына қысым жасайды», – дейді Төлеутай Рахымбеков.

Оның айтуынша, бағаның қымбаттауын сыртқы факторлармен немесе өзге елдермен байланыстыру мәселенің түпкі себебін жасырады. Сарапшы ішкі өндірістің әлсіреуі баға өсімінің негізгі себептерінің бірі екенін атап өтті.