Әлемдік инвесторлар АҚШ-тан Азияға бетбұрды: Қазатомпромның көрсеткіші сол қалпы

Qaz365.kz редакциясы
Коллаж: ЖИ арқылы жасалды

Bloomberg агенттігі 2026 жылғы 23 қаңтарда жариялаған шолуда әлемдік қаржы нарықтарында маңызды бетбұрыс басталғанын жазды. Агенттік дерегінше, инвесторлар АҚШ активтерінен біртіндеп алыстап, алтын мен Азия нарықтарына көбірек көңіл бөле бастаған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Bloomberg мәліметіне сәйкес, АҚШ-тағы негізгі қор көрсеткіштері Dow Jones, S&P 500 және Nasdaq жақсы өсімді көрсетті. Бұл индекстер Америкадағы ірі компаниялардың акция бағасын көрсетеді, яғни нарықтың жалпы жағдайын аңғартады. Қазақстанда да дәл осындай көрсеткіш — KASE индексі аздап жоғарылады. Bloomberg шолуында Азия елдерінің қор нарықтары екінші күн қатарынан өскені көрсетілген. MSCI Asia Pacific индексі 0,5 пайызға көтеріліп, аймақтық нарықтардың дамып келе жатқанын байқатты. Жапонияда иена әлсірегендіктен, акциялар қымбаттады. Қытайда қор нарығы сәл төмендесе де, ең басты жаңалық — юань бағамының өзгеруі болды. Қытай Халық банкі юаньды долларға шаққанда 7 юаньнан төмен деңгейде бекітті. Яғни, бұрынғыдай 1 доллар = 7 юань емес, юань салмағы сәл артқан. Бұл дегеніміз, доллардың құны бұрынғыдай емес, юань күшейіп келеді деген сөз. Сол себепті доллардан гөрі Азия валюталарына сұраныс артып, инвесторлар назарын Азия нарықтарына аударды.

Доллар әлсірегендіктен, алтын бағасы тарихи рекордқа жетіп, бір унциясы 4 965 доллардан асты. Күміс пен платина да бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Инвесторлар қазір доллардағы активтерге сенімін азайтып, нақты құндылығы бар активтерге — алтын, күміс, платинаға бет бұруда. Бұл әлемдік қаржы нарығында сенімнің өзгеріп жатқанын көрсетеді.

Bloomberg мәліметіне зер салсақ, инвесторлар дамушы елдерге көбірек ақша бағыттап жатыр. Мысалы, Үндістан АҚШ инвестиция үлесін соңғы бес жылдағы ең төмен деңгейге төмендетті. Жыл басынан бері Азия нарықтары шамамен 5 пайызға өсті, ал АҚШ нарығы тек 1 пайыз ғана көтерілді. Сонымен қатар, Азиядағы акциялар әлі де арзан бағаланып отырғандықтан, инвесторларды тартып отыр. 

Әлемдік саясат та қаржы нарығына әсерін тигізіп отыр. Мысалы, Дональд Трамп Еуропаға қатысты баж салығы енгізу туралы қатаң мәлімдемеден бас тартты. Бұл нарықтағы қысымды азайтып, инвесторларға тыныштық берді. Қаржы саласының мамандары қазір АҚШ-та жарияланатын экономикалық көрсеткіштер мен Федералды резервтің (ФРС) шешімдерін күтіп отыр. Инвесторлар АҚШ-тан теріс айналып, Азия мен алтынға бет бұрса, бұл жағдай Қазақстанға да әсер етпей қоймасы анық.

Айта кету керек, әлемдегі екі ірі уран өндіруші компания — Қазақстанның Қазатомпромы мен Канаданың Cameco компаниясы. Дегенмен инвесторлар Қазатомпромға инвестиция салуда аса сақтық танытады. Себебі компания барлық өндірісін Қазақстанда шоғырландырған, яғни саяси немесе жергілікті қиындықтар оның жұмысына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, Қазатомпром тек уран өндірумен айналысады, толық өндіріс циклі жоқ, бұл халықаралық нарықта сенімділікті азайтады. Ал АҚШ компаниялары, керісінше, стратегиялық инфрақұрылымға, мемлекеттің қатаң бақылауында және саяси тұрақтылық бар. Сондықтан инвесторлар оларды сенімді деп бағалайды. Дегенмен соңғы Bloomberg жариялаған ақпарат Азия үшін жаңа мүмкіндік болуы ықтимал. 

Фото: ЖИ арқылы жасалды /  Qaz365

Бұған дейін экономист әрі Finmentor Telegram-арнасының авторы Арман Батаев сарапшылардың мәліметтерін негізге ала отырып, нарықтағы Қазақстанның Қазатомпромы мен Канаданың Cameco компаниясының бағасын салыстырды. Сараптамаларға қарағанда, жеткізу көлемдері ұқсас болса да, Қазатомпромның нарықтық құны Cameco-ға қарағанда 64% төмен.

«Қазатомпром — әлемдегі ірі уран өндірушілердің бірі, бірақ нарық оны канадалық Cameco-дан әлдеқайда төмен бағалайды. Жеткізу көлемдері ұқсас болса да, Қазатомпромның құны Cameco-ға қарағанда шамамен 64% кем. Бұл айырмашылық инвесторлардың сенімі, халықаралық нарықтағы тұрақтылық пен тәуекелдерді ескеруімен байланысты», — деді Арман Батаев.

 

Фото: QAMS

QAMS деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазатомпром 31,9 млн фунт уран өндірген, ал Cameco – 23,4 млн фунт. Жеткізу көлемдері де салыстырмалы түрде тең: Қазатомпром – 33,2 млн фунт, Cameco – 33,6 млн фунт. Сондай-ақ, Cameco-ның Westinghouse компаниясындағы 49% үлесі бар. Бұл Cameco-ға уран өндіруден бастап ядролық реакторларды жобалау, отын жинақтарын шығару және сервистік қызмет көрсетуге дейінгі толық циклді бақылауға мүмкіндік береді. Қазатомпром тек өндірумен шектеледі.

Айта кетейік, 22 қаңтардағы сауда қорытындысына қарасақ, Kazatomprom акциясы Лондон биржасында өзгеріссіз – $74,50, сауда көлемі $11,7 млн болды. Ал Канададағы Cameco сәл төмендеп, $121,87 болды, ал АҚШ-тағы Kaspi 2,81%-ға өсті – $78,17.