Тұрғын үйді қазір алу керек пе, әлде күте тұрған жөн бе: Ұлттық банк төрағасы пікір білдірді

Qaz365.kz редакциясы
Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов тұрғын үй нарығындағы жағдайға қатысты пікірін айтып, қазіргі жағдайда ипотекамен баспана алар ма едіңіз деген сұраққа жауап берді. Брифинг барысында ол жеке экономикалық кеңес бермейтінін атап өтіп, тек өзінің көзқарасын бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, егер өзі қазір баспана алуды қажет ететін жаста болса, сатып алуға асықпас еді. Оның пікірінше, жылжымайтын мүлік бағасы жоғарылауы да, төмендеуі де мүмкін, ал негізгі фактор – нақты төлем қабілеті бар сұраныс.

«Егер мен жас болып, қазір үй алу қажет жағдайда болсам, кез келген жағдайда күтер едім. Өйткені тұрғын үй бағасы өсуі де, төмендеуі де мүмкін. Төлем қабілеті бар сұраныс қаншалықты күшті болатынын уақыт көрсетеді», – деді Тимур Сүлейменов.

Ол сондай-ақ кейбір құрылыс компаниясы қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуіне байланысты баға қымбаттайды деген мәлімдемелеріне де тоқталды. Ұлттық банк төрағасының пікірінше, сұраныс әлсіз болса, мұндай факторлар бағаның өсуіне кепіл бола алмайды.

«ҚҚС өссе, баға автоматты түрде 16%-ға қымбаттайды деу – нақты кепіл емес. Егер сұраныс болмаса, баға төмендеуі тиіс. Бағаның қалай өзгеретінін тек уақыт көрсетеді», – деді ол.

Сонымен қатар Сүлейменов Ұлттық банк құрылыс секторына тікелей ықпал ете алмайтынын, алайда инфляцияның баяулауы ипотекалық несиелерге әсер етуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, инфляция тұрақты түрде төмендей бастаса, ақша-несие саясатын жұмсарту, базалық мөлшерлемені азайту мүмкіндігі пайда болады. Бұл өз кезегінде нарықтағы пайыздық мөлшерлемелердің, соның ішінде ипотеканың арзандауына әкелуі ықтимал.