Қарашығанақтағы дау: халықаралық алпауыттар Қазақстанға миллиардтаған доллар қайтаруы мүмкін

Qaz365.kz редакциясы
ашық дереккөзден

Қазақстандағы ірі Қарашығанақ кен орнын игеріп жатқан халықаралық Shell және Eni компаниялары Лондонда өткен халықаралық арбитраждық дауда жеңіліп қалды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.

Арбитраж шешіміне сәйкес, компаниялар Қазақстан үкіметіне 2–4 млрд АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуі мүмкін.

Арбитраж Қазақстан тарапының уәждерін негізді деп таныған. Үкіметтің айтуынша, кен орнын игеруші компаниялар өнімді бөлу туралы келісім аясында мемлекет есебінен бекітілмеген артық шығындар мен өтелуге жатпайтын шығыстарды жауып отырған. Арбитраж бұл әрекеттерді заңсыз деп бағалаған.

Алайда арбитраж процесі жабық форматта өткендіктен, нақты төленетін сома әзірге белгіленбеген. Сонымен қатар шешімге шағым түсіру мүмкіндігі де бар. Дегенмен Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, арбитраждың бұл шешімі Қарашығанақтағы серіктестерді, оның ішінде Chevron, «Лукойл» және «ҚазМұнайГазды», Қазақстанға миллиардтаған қаражатты қайтаруға міндеттеуі ықтимал. Қарызды өтеу үшін өнімді бөлу формуласына өзгеріс енгізу қажет болуы мүмкін.

Бұл шешім Қазақстан үшін ішінара жеңіс саналады. Себебі үкімет бастапқыда кен орнын игерушілерден 6 млрд доллардан астам талап еткен. 2023 жылы Қазақстан билігі бюджеттен заңсыз шегерімдерге байланысты Қарашығанақ операторларына қарсы сотқа жүгінген. Алғашқы талап сомасы 3,5 млрд доллар болғанымен, кейінгі талап-арыздарда кейбір шығындардың жемқорлық салдарынан әдейі асыра көрсетілгені айтылып, талап көлемі ұлғайған.

Қарашығанақ ісі Қазақстан мен халықаралық мұнай алпауыттары арасындағы ең ірі құқықтық даулардың бірі ретінде бағаланып отыр.