Қазақстанда соңғы бір жыл ішінде бензин бағасы шамамен 16 пайызға қымбаттады. Баға өсімінің ең жоғарысы АИ-95 маркасына тиесілі. Бұл жанармай түріне бағаны шектеу шаралары қолданылмағандықтан, баға өсімі тоқтаған жоқ, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі 31 арнаға сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, АИ-92 бензині бір жылда орта есеппен 17–34 теңгеге өскен. Аталған маркаға 2025 жылдың қазан айынан бастап мораторий енгізілген. Ал АИ-95 бағасы осы аралықта 35–40 теңгеге қымбаттаған. Бағаға қатысты ешқандай шектеудің болмауы бұл жанармай түрінің алдағы уақытта да қымбаттай беруі мүмкін екенін көрсетеді.
2025 жылғы желтоқсанда Қазақстан бойынша орташа баға АИ-92 – 235 теңге, АИ-95 – 298 теңге, АИ-98 – 325 теңге болды. Энергетика министрлігі АИ-98-ді кең көлемде тұтынылатын өнім санатына қоспайтынын, оны имидждік жанармай ретінде қарайтынын бұған дейін хабарлаған. Дегенмен, Қазақстандағы жанармай құны Орталық Азия елдерімен салыстырғанда әлі де төмен деңгейде қалып отыр.
Автонарық мамандары жанармайға деген сұраныс құрылымы өзгеріп жатқанын атап өтеді. Елде жаңа көліктер саны артқан сайын жүргізушілердің басым бөлігі АИ-95 маркасын таңдауға көшкен.
«Қазіргі заманғы көліктердің көбі АИ-95 және одан жоғары жанармайға арналған. Автосалондардағы бензинмен жүретін қозғалтқыштардың басым бөлігі дәл осы маркаға есептелген. Ал АИ-92 біртіндеп маңызын жоғалтып келеді. Ол бүгінде 90-жылдардағы 80-ші бензиннің жағдайына жақындады», – дейді “Жалпы жол” қауіпсіз жол қозғалысы қауымдастығының президенті Арсен Шакуов.
Сұраныстың артуына орай, ел ішінде бензин өндіру көлемі де өсіп отыр. Өткен жылы Қазақстанда шамамен 6 млн тонна жанармай өндірілген, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға жуық артық.
Сарапшылар баға өсімін тежеу үшін мораторийді тек АИ-92 емес, сондай-ақ АИ-95 пен АИ-98 маркаларына да кеңейту қажет деп есептейді. Себебі дәл осы жанармай түрлері күнделікті тұтынуда барған сайын маңызды рөл атқарып келеді.