2027 жылдан бастап салық органдары қазақстандықтардың табысы мен шығысының сәйкестігін тексере бастайды, деп хабарлайды Qaz365.kz. тілшісі Tengrinews-ке сілтеме жасап.
Жуырда Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі азаматтар туралы әртүрлі мемлекеттік дерекқорлардан жиналған мәліметтерді біріктіретін жүйені таныстырды. Аталған базада қазақстандықтардың әуе рейстері мен жолақысы, мүлкі туралы ақпарат, сондай-ақ бәс тігу деректері де қамтылған. Бұл қадамның мақсаты – салықтардың толық әрі уақтылы төленуін бақылау.
Журналистер министрлік өкілінен: ай сайынғы табысы 1 млн теңге болатын шенеунік 2 млн теңгеге ұшақпен қатынап, 5 млн теңгеге тауар әкелсе, мемлекет қандай шара қолданады деген сұрақ қойды.
Оған жауап берген Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов шетелде сатып алынған жылжымайтын мүлікке қатысты мәліметтер кедендік төлемдерді бақылау үшін пайдаланылатынын түсіндірді. Оның айтуынша, азаматтың шетелге жиі сапарлары кезінде ірі көлемде қаражат алып шыққаны және бұл сомалардың декларацияланған-декларацияланбағаны талданады.
«Егер, шартты түрде, жұбайы декларация тапсырса, онда сұрақ туындамайды. Ал сіз айтып отырғандай, ол мемлекеттік қызметшінің жұбайы болса, мұндай бақылау келесі жылдан бастап көзделген. Яғни табыс пен шығыс салыстырылады. Бұл тетік мемлекеттік қызметшілерге де, қарапайым азаматтарға да қолданылады», – деді вице-министр.
Аталған деректер үкіметтің қолына өткен жылдың соңында ғана түскен. Ал табыс пен шығысты салыстыру тетігі іс жүзінде 2027 жылдан бастап іске қосылады.
Егер азамат 50 млн теңге табысын декларациялап, бірақ 100 млн теңгеге тауар сатып алса, мұндай жағдайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері тексеруі мүмкін.