Shell Қарашығанақ дауына байланысты Қазақстандағы инвестицияларын уақытша тоқтатты

Qaz365.kz редакциясы
shell.com.kz

Shell компаниясы Қазақстандағы жаңа инвестициялық жобаларды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы компанияның бас атқарушы директоры Ваэль Саван мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Bloomberg-ке сілтеме жасап.

Shell басшысының айтуынша, Қазақстан тарапынан берілген сот талаптары компанияның елге жаңа қаржы салуға деген ынтасын төмендеткен. Қазіргі таңда компания арбитраждық процестердің қалай аяқталатынын күтпек.

Жуырда халықаралық арбитраж соты Қарашығанақ жобасына қатысты дауда Қазақстанның пайдасына шешім шығарған. Осыған байланысты консорциум серіктестері, соның ішінде Shell, елге 2–4 млрд АҚШ доллары көлемінде өтемақы төлеуі тиіс. Алайда бұл шешімге апелляция беру мүмкіндігі сақталып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы Қарашығанақ жобасына қатысушылар дауды бейбіт жолмен реттеу үшін ішкі нарыққа арналған газ өңдеу зауытын салуды ұсынған болатын. Алайда тараптар ортақ келісімге келе алмаған.