Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ел азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа қадамдарды жария етті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстанда жалақының жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесі 31%-ды құрайды. Бұл көршілес елдермен салыстырғанда жақсы көрсеткіш болғанымен, Үкімет межені әлемдік стандартқа сай 40%-ға жеткізуді көздеп отыр.
«Бизнес табысы өскенімен, жұмысшылардың жалақысы сол қарқынға ілесе алмай жатыр. Сондықтан біз салықтық және қаржылық ынталандыру арқылы кәсіпкерлердің өз қызметкерлеріне лайықты ақы төлеуіне жағдай жасаймыз», — деді Олжас Бектенов.
Үкімет әзірлеп жатқан кешенді шаралар тек айлықты өсірумен шектелмейді. Басты басымдықтар:
Азаматтардың мойнындағы қаржылық жүктемені жеңілдету;
Жаңа, тұрақты жұмыс орындарын ашу;
Мамандардың біліктілігін арттыруға жағдай жасау.
Жиында экономиканы цифрландырудың ақсап тұрған тұстары да сынға алынды. Мемлекет басшысының Жолдауындағы тапсырмаларға қарамастан, нақты секторда технологияларды енгізу әлі де бастапқы деңгейде қалып отыр. Бұл олқылықтарды жою үшін барлық цифрлық бастамаларды біріктіретін «Digital Qazaqstan» стратегиясы іске қосылмақ. Ол жасанды интеллектіні енгізуден бастап, салалық деректер қорын реттеуге дейінгі мәселелерді шешуі тиіс.