Олигархтардың мүлкін сатумен айналысатын компания еліміздегі ірі салық төлеуші екенін мәлімдеді

Qaz365.kz редакциясы

ҚАБК қызметінің нәтижесінде Арнаулы мемлекеттік қорға 50,5 млрд теңге аударылды

Коллаж: Qaz365.kz

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС (ҚАБК) өз қызметі аясында қайтарылған активтерді сатудан түскен қаражаттың Арнаулы мемлекеттік қорға түсуін қамтамасыз етіп қана қоймай, мемлекеттік бюджетке елеулі салық түсімдерін төлеп, ірі салық төлеушілердің бірі атанғандарын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚАБК мемлекеттік бюджетке 4,3 млрд теңге көлемінде салық төлемдерін аударды. Бұл үлес үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті алғыс хат табыстады.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша ҚАБК мемлекеттік бюджетке 4,3 млрд теңге көлемінде салық төлемдерін аударды. Бұл үлес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің алғыс хатымен ресми түрде атап өтілді. Сонымен қатар, ҚАБК қызметінің нәтижесінде Арнаулы мемлекеттік қорға 50,5 млрд теңге аударылды. Бұл қаражат еліміздің барлық өңірлерінде әлеуметтік маңызы бар және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталуда», — деді ҚАБК.

Фото: Kuva.kz

Айта кетейік, «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 21 қыркүйектегі қаулысымен құрылды. Компанияның жарғылық капиталы толықтай мемлекетке тиесілі. Үлестің 100 пайызы мемлекеттік меншікте. Бұл құрылым мемлекетке қайтарылған мүлікті басқару, сақтау және сату жұмыстарын атқарады. Соңғы жылдары мемлекет меншігіне өткен активтер аукцион арқылы сатылып, түскен қаражат Арнаулы мемлекеттік қорға аударылып келеді. Активтерді қайтарудың екі жолы бар: ерікті және мәжбүрлі түрде. Ерікті қайтару кезінде мемлекет пен актив иесі арасында келісім жасалады. Ал мәжбүрлі тәртіпте іс сотқа жіберіледі, қажет болған жағдайда шетелдік сот органдарына да жолданады. 

Қайтарылған қаражатты сақтау Қазақстанның Қаржы министрлігіне жүктелген. Осы мақсатта 2023 жылдың қазан айында Арнаулы мемлекеттік қордың бақылау шоты ашылған. Бұл қорға түскен қаржы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.

Айта кетейік, 2025 жылы Қазақстан Президенті Қасым‑Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Бас прокуратура жанындағы Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің атауы өзгертілді. Енді ол Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп аталады.