Қазақстанда жаңа Конституцияға қатысты өтетін республикалық референдумның құны бұрынғы науқандардан жоғары болуы ықтимал. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, нақты сома Орталық сайлау комиссиясының бюджеттік өтінімінен кейін белгілі болады. Дегенмен шығын көлемінің артуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Соңғы жылдары халық саны көбейген, сондай-ақ инфляция деңгейі де есепке алынады. Бұған қоса, дауыс беру учаскелері мен комиссия мүшелерінің саны артуы ықтимал.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, әдетте референдум шығындарының 70–80 пайызы комиссия мүшелерінің еңбекақысына жұмсалады. Сонымен бірге ведомство бюджеттік өтінімді зерделеп, мүмкіндігінше артық шығындарды қысқартуға уәде берді.
Салыстырмалы түрде алғанда, атом электр станциясы бойынша өткен референдумға 15,5 млрд теңге жұмсалған. Ал 2022 жылы Конституцияға енгізілген түзетулер бойынша өткізілген референдум 16,4 млрд теңгеден астам қаржыға түскен.
Жаңа референдумды қаржыландыру Үкімет резерві есебінен жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.