Қашаған кен орнын игеруші халықаралық консорциум (NCOC) Қазақстан билігі салған 5 миллиард доллар (2,3 трлн теңгеден астам) көлеміндегі экологиялық айыппұлды мойындамай, халықаралық арбитражға жүгінді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Даудың негізгі себебі – Қашағандағы күкіртті сақтау нормаларының бұзылуы. 2022 жылы Атырау облысының экология департаменті тексеріс жүргізіп, оператордың 1,2 млн тонна күкіртті рұқсат етілген шектен тыс сақтағанын анықтады. Экологиялық кодекске сәйкес, бұл заң бұзушылық үшін 2,3 трлн теңге көлемінде ірі айыппұл салынған болатын.
Shell өкілінің мәлімдеуінше, инвесторлар бұл мәселені диалог арқылы шешуге тырысқан, бірақ келіссөздер нәтиже бермеген.
«Айыптауларды жоққа шығаруға және бұл мәселелерді диалог жолымен реттеуге тырысқанымызға қарамастан, бұл талпыныстар нәтиже бермеді. Сондықтан халықаралық акционерлер халықаралық шарттарға сәйкес арбитраждық іс жүргізуді бастаудан басқа амалымыз жоқ деген қорытындыға келді», — делінген компания хабарламасында.
Бұл іс бойынша Қазақстан соттарында бірнеше қарама-қайшы шешімдер шықты:
2023 жылғы маусым: Астана соты NCOC-тың талаптарын ішінара қанағаттандырды.
2024 жылғы ақпан: Апелляциялық сот экологтардың жағына шығып, тексеріс қорытындысын заңды деп таныды.
2025 жылғы тамыз: Астана соты мемлекеттік орган тарапынан процедуралық бұзушылықтар кеткенін алға тартып, экологтардың ұйғарымын жойды.
2025 жылғы желтоқсан: Сот NCOC-тың апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты, бірақ бұл шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Bloomberg мәліметінше, Қазақстан үкіметі мен инвесторлар арасында басқа да түйткілдер бар. Мемлекет Қашаған маңындағы игерілмей жатқан Ақтоты және Қайран учаскелерін өзіне қайтарып алуды көздеп отыр. Бұл кен орындары 2000-жылдардың басында ашылғанымен, әлі күнге дейін өнеркәсіптік өндіріс басталмаған.
North Caspian Operating Company (NCOC) – Солтүстік Каспий жобасының операторы. Оның құрамына келесі алпауыттар кіреді:
«ҚазМұнайГаз» (16,88%)
Eni, Shell, ExxonMobil, TotalEnergies (әрқайсысы 16,81%-дан)
CNPC (8,33%)
INPEX (7,56%)
Сарапшылардың пікірінше, бұл арбитраждық дау Қазақстан мен ірі мұнай инвесторлары арасындағы қарым-қатынастың жаңа шиеленісу кезеңін білдіреді. Қазақстан тарапы бұл іске қатысты әзірге ресми пікір білдіруден бас тартты.