Мұнай бағасы 2025 жылдан бергі ең жоғары шегіне жетті

Qaz365.kz редакциясы
Ашық дереккөзден

Таяу Шығыстағы жағдайдың күрт ушығуы жаһандық энергия нарығын дүр сілкіндіріп, мұнай бағасының 2025 жылдың басынан бергі ең жоғары көрсеткішіне дейін көтерілуіне соқтырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Иран мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыстың жаңа фазаға өтуі және АҚШ-тың әскери операция бастауы туралы хабарлардан кейін «қара алтын» құны бірден 7%-ға қымбаттады. Қазіргі уақытта Brent маркалы мұнайдың баррелі 78–82 доллар аралығында саудаланып жатса, WTI маркалы мұнайдың бағасы 71–75 доллар деңгейіне жетті. Астана уақытымен таңғы сағат 09:00-дегі сауда-саттық мәліметтері бойынша мұнай құны 77,13 долларды көрсетіп, өсім динамикасын жалғастыруда.

Нарықтағы бұл тұрақсыздыққа аймақтағы зымыран шабуылдарының күшеюі, мұнай танкерлерінің зақымдануы және әлемдік жеткізілімнің күретамыры саналатын Ормуз бұғазы арқылы тасымалдау қаупінің артуы тікелей себеп болып отыр. Сарапшылар Таяу Шығыстағы әскери текетірес ұзаққа созылса, бұл жағдай жаһандық экономикаға айтарлықтай қысым түсіріп, инфляцияның өсуіне және энергия ресурстарының тапшылығына әкелуі мүмкін екенін ескертеді. Аймақтағы жағдайды бақылау мақсатында халықаралық ұйымдар мен ірі экономикалық орталықтар шұғыл мониторинг жүргізуге көшті.