Жаңа Салық кодексі: Республикалық бюджет жоспары артығымен орындалды

Qaz365.kz редакциясы
egemen.kz

2026 жылдың қаңтар–ақпан айларының қорытындысы бойынша республикалық бюджет кірісі тұрақты орындалды. Мемлекеттік кірістер комитеті осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Комитет мәлметінше, 1 наурыздағы жағдай бойынша салықтық түсімдер жоспары 113,7%-ға орындалып, бюджетке 2 979,0 млрд теңге түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,4% өсім көрсетіп отыр немесе 677,5 млрд теңгеге артық.

Оң динамика негізгі бюджетті қалыптастыратын салықтар есебінен қамтамасыз етілген. Корпоративтік табыс салығы бойынша өсім 116,9%-ды құрап, 118,0 млрд теңгеге артты. Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша өсім 138,8%-ға жетіп, 428,6 млрд теңгеге көбейген.

Бұған дейін ақпараттық кеңістікте 2026 жылдың қаңтар айының деректеріне сүйенген сараптамалық бағалар жарияланған болатын. Алайда бұл қорытындылар бюджет кірісінің нақты жағдайын толық көрсетпеген. Себебі 2025 жылдың төртінші тоқсанына тиесілі бірқатар негізгі төлемдердің мерзімі 2026 жылдың 25 ақпанына сәйкес келген.

Сондықтан дәстүрлі түрде түсімдердің едәуір бөлігі ақпан айының қорытындысы бойынша қалыптасады. Мәселен, 1 наурыздағы дерекке сәйкес ҚҚС бойынша жоспар 119,8%-ға орындалды: жоспарланған 1 281,0 млрд теңгенің орнына бюджетке 1 534,5 млрд теңге түскен.

“Екі айдың қорытындысы бюджет кірісінің орындалуын объективті түрде сипаттайды және түсімдердің тұрақты өсімін көрсетеді. Нақты деректер салықтық түсімдер динамикасының оң бағытта сақталып отырғанын және қазіргі макроэкономикалық жағдайға сәйкес келетінін растайды”, – делінген комитеттің хабарламасында.