2025 жылы Қазақстан 57 тонна алтын сатып алып, әлемдегі ең ірі сатып алушылардың бірі атанды. Еліміз бұл көрсеткіш бойынша әлемде екінші орынға жайғасты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Finprom.kz-ке сілтеме жасап.
World Gold Council деректеріне сәйкес, алтынды ең көп сатып алған мемлекет – Польша, оның көлемі 102 тоннаға жетті. Қазақстаннан кейінгі орында 53,4 тоннамен Әзербайжан тұр. Ал Бразилия (42,8 тонна) мен Түркия (26,1 тонна) алғашқы бестікті толықтырды. Өзбекстан мен Қырғызстан да тиісінше 7,8 және 7,6 тонна сатып алып, белсенді елдер қатарына кірді.
2025 жылы алтын бағасы тарихи шегіне жетіп, нарықтағы сұраныс арта түсті. Жыл басында бір троя унциясы шамамен 2,8 мың доллар болса, жыл соңына қарай 5 мың доллардан жоғары деңгейде бекіді. Нәтижесінде алтын ең табысты қорғаныс активтерінің біріне айналды.
Баға өсімі геосаяси тұрақсыздық, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің ықтимал төмендеуі және облигациялар кірістілігінің әлсіреуімен түсіндіріледі. Бұған қоса, Қытай мен Үндістанның орталық банктері тарапынан жоғары сұраныс байқалды.
2020–2025 жылдары алтынды ең көп жинаған ел – Қытай, оның сатып алу көлемі 358 тоннаны құрады. Польша (321,6 тонна), Үндістан (245,3 тонна), Түркия (234,7 тонна) және Бразилия (105,1 тонна) да алдыңғы қатарда.
Дегенмен соңғы алты жылда Қазақстан ірі сатушылар тізімінде де болды. Осы кезеңде таза қысқару 44,4 тоннаны құрады. 2022–2024 жылдары Ұлттық банк өтімділікті қолдау және резервтерді әртараптандыру мақсатында 118,3 тонна алтын өткізген. 2025 жылы елдің саясаты өзгеріп, рекордтық бағалар мен геосаяси белгісіздік жағдайында алтын қорын қайта толықтыру басталды.
Аталған кезеңде Қазақстаннан көбірек алтын сатқан жалғыз мемлекет – Филиппин (64,8 тонна). Сонымен бірге Шри-Ланка, Германия, Моңғолия және Тәжікстан да ірі сатушылар қатарында болды.
Қазіргі таңда әлемнің орталық банктері 36,5 мың тоннадан астам алтын иеленіп отыр, бұл – өндірілген металдың шамамен 20 пайызы. АҚШ 8,1 мың тоннамен көш бастап тұр. Германия, Италия және Франция кейінгі орындарда, ал Ресей 2,3 мың тоннамен алғашқы бестікті түйіндейді. Қазақстан 341 тонна қорымен 16-орында, ал Өзбекстан 390,3 тоннамен екі саты жоғары орналасқан.