Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады

Qaz365.kz редакциясы
Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық ставканы жылдық 18% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Пайыздық дәліз +/- 1 пайыздық тармақ деңгейінде белгіленді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Реттеушінің мәліметінше, бұл қадам макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамды раунды мен инфляция тәуекелдерінің балансына негізделген. Ақпан айында жылдық инфляция 11,7%-ға дейін төмендеп, Ұлттық банктің күткеніне сай болған. Азық-түлік (12,7%), азық-түлік емес тауарлар (11,6%) және ақылы қызметтердің (10,8%) бағасы да бәсеңдеу қарқынын көрсетті.

«Инфляцияның төмендеуіне ақша-кредит жағдайларының қалыпты қатаңдығы, теңге бағамының нығаюы, кепілсіз тұтынушылық несиелеудің баяулауы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің инфляцияға қарсы шаралары ықпал етуде. Соның ішінде коммуналдық қызметтер мен жанар-жағармай бағасын өсіруге қойылған мораторийдің үлесі зор», — деп атап өтті баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, реттеуші айлық инфляцияның ақпанда 1,1%-ға дейін жеделдегенін де назардан тыс қалдырмады. Ал ҚҚС (НДС) мөлшерлемесінің көтерілуі инфляцияға шектеулі деңгейде ғана әсер еткен.

Базалық ставка бойынша келесі жоспарлы шешім 24 сәуірде жарияланатын болады.