Отбасы банк басшысы тұрғын үй бағдарламаларының баспана бағасына қалай әсер ететінін айтты

Qaz365.kz редакциясы

Отбасы банк басқарма төрайымы тұрғын үй бағдарламаларының маңызы жайлы сөйледі

Фото: Руслан Пряников

Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова 2026 жылғы 10 наурызда Үкіметтегі баспасөз конференциясында тұрғын үй бағдарламаларының Қазақстандағы тұрғын үй бағасына қалай әсер ететінін түсіндіріп берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ибрагимованың айтуынша, банк жыл сайын 80 мың қарыз берген. Өткен жылы 77,8 мың несие рәсімделген.

«Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 450 мыңдай сатып алу-сату мәмілесі жасалады. Ал біз шамамен 80 мың ипотекалық несие береміз. Яғни біздің үлесіміз жыл сайын 16–17% шамасында. Осындай үлеспен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бағаның өсуіне негізгі фактор болды деу мүмкін емес. Сондықтан мұндай пікірдің нақты дәлелі жоқ деп есептеймін», – деп атап көрсетті банк төрайымы.

Оның айтуынша, банк салымшылар үшін тұрғын үй құнының өсуін тежейтін арнайы механизмдер енгізіп жатыр.

«“Баспана маркет” платформасында құрылыс компаниялары пәтерлерін орналастырады. Олардың бағасын банкпен келісіп, бекітеді. Бұл процесс құрылысшыларға әрдайым ұнай бермейді. Олар оны жаппай реттеу деп санайды. Біз өзіміздің салымшыларымыздың мүддесін қорғап отырмыз», – деді банк төрайымы.

Ибрагимова құрылысшылар платформаларға салғаннан кейін, белгілі бір уақытқа дейін пәтер бағасын көтере алмайтынын айтты.

«Келісім бойынша оларда 6–12 ай уақыт бар. Осы уақыт ішінде “Баспана маркет” порталында пәтер бағасын тек төмендетуге ғана болады», – деді банк басшысы.

Ол сондай-ақ тұрғын үй нарығы инфляцияға бейім екенін мойындады.

«Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 450 мыңдай сатып алу-сату мәмілесі жасалады. Ал біз шамамен 80 мың ипотекалық несие береміз. Яғни біздің үлесіміз жыл сайын 16–17% шамасында. Осындай үлеспен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бағаның өсуіне негізгі фактор болды деу мүмкін емес. Сондықтан мұндай пікірдің нақты дәлелі жоқ деп есептеймін», – деді Ибрагимова.

Мысал ретінде ол балалар депозиттері туралы деректерді атап өтті.

«Биыл 335 мың балалар депозитіне мемлекет сыйақы тағайындады. Бұл балаларға арналған жинақ. Бұл жинақты ашқандар кейін отбасы пакеті аясында қаражаттарын біріктіріп, өз үйін алады», – деп түсіндірді банк төрайымы.

Банк басшысы өткен жылы мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй сапасын арттыруға арналған жаңалық енгізілгенін айтты.

«Қазір әкімдіктерге тендер өткізбестен, дайын тұрғын үйді тікелей құрылысшылардан сатып алу құқығы берілді. Мемлекеттік бағдарламалар үшін бөлек үйлер салудың қажеті жоқ», – деді Ибрагимова.

Сонымен қатар ол Семейде тұрғындарға жайлы пәтерлердің кілттері табысталғанын айтты.

«Кеше ғана әкіммен бірге 50 пәтердің кілтін табыстадық. 5–10 жылдан кейін де бұл үйлердің сапасы жақсы болатынына сенімдімін», – деп атап өтті банк төрайымы.

Ләззат Ибрагимова сөз соңында тұрғын үй бағдарламаларының маңызын айта кетті.

«Шын мәнінде мемлекеттік бағдарламалар халықтың нақты табысын арттырады. Егер мұндай бағдарламалар болмаса, азаматтар жылдық 22% мөлшерлемемен коммерциялық ипотека алуға мәжбүр болар еді. Мұндай жағдайда отбасы табысының 70–80%-ы ипотека төлеуге кетуі мүмкін. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы бұл төлемді 30–40%-ға төмендетуге болады. Бұл жүйе Германияда, Хорватияда және Батыс Еуропаның көптеген елдерінде тиімді жұмыс істеп келеді», – деді Ибрагимова.

Еске сала кетсек, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдаған еді.