Салық реформасы халықтың қалтасына қалай әсер етті: Жаңа сауалнама нәтижесі

Qaz365.kz редакциясы
depositphotos

Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін азаматтардың басым бөлігінің шығындары артып, халық арасында алаңдаушылық күшейген. DEMOSCOPE қоғамдық пікірге экспресс-мониторинг жасау бюросы жүргізген «Салық реформасы жұмысын бағалау» атты зерттеу осындай қорытынды шығарды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 77,6%-ы шығындардың өскенін мәлімдеген: оның 54,4%-ы айтарлықтай өсімді, ал 23,2%-ы шамалы өзгерісті сезінген. Шығындардың артуына байланысты қазақстандықтар үнемдеу режиміне көшкен. Атап айтқанда, сауалнамаға қатысқандардың 44,5%-ы тамақ өнімдерінен, 36,1%-ы киім-кешек пен аяқ киімнен, ал 28,3%-ы жеке көлік пен таксиден үнемдей бастағандарын жеткізген.

Зерттеуге қатысушылар реформадан кейін туындаған негізгі қиындықтар ретінде тауарлар мен қызметтер бағасының өсуін және қаржылық тұрақтылыққа қатысты күмәнді атап өтті. Сауалнама көрсеткендей, халықтың 65%-ы қосылған құн салығының (ҚҚС) көтерілуі болашақта өмір сүру деңгейін одан ары нашарлатады деп есептейді. Тек 8,2% респондент қана жағдайдың жақсаратынына сенім білдірген.

Айта кетейік, DEMOSCOPE сарапшылары бұған ұқсас сауалнаманы 2025 жылдың қарашасында да жүргізген болатын. Содан бері халықтың реформаға қатысты скептикалық көзқарасы арта түскен. Егер бұрын респонденттердің 32,4%-ы өмір сүру деңгейінің айтарлықтай төмендеуінен қорықса, қазір бұл көрсеткіш 40,5%-ға дейін өскен.